Цифрлық технологиялар – елдің әскери қауіпсіздік қызметінде

Цифрлық технологиялар – елдің әскери қауіпсіздік қызметінде

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында радиотехникалық және инфокоммуникациялық технологиялардың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Іс-шараға Қазақстанның, Қырғызстанның жоғары әскери оқу орындарының, Ұлттық қорғаныс университетінің, «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы» ЖШС, ІІМ Алматы академиясының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің өкілдері қатысты. 

Диалогқа жетекші ғалымдар, адъюнкттер, магистранттар, докторанттар, әскери және қос мақсаттағы перспективалы инфокоммуникациялық технологияларды әзірлеумен және меңгерумен айналысатын кәсіпорындар мен мекемелердің инженер-техник мамандары, сондай-ақ радиотехникалық мамандықтардың студенттері мен курсанттары қосылды.

– Байланыс, басқару және радиотехниканы автоматтандыру саласында әскери кадрларды даярлау білім беру сапасын арттыруды ғана емес, одан өзге жоғары оқу орындары арасындағы тығыз байланысты ұйымдастыруды, білім беру және ақпараттық білім беру технологияларын жетілдіруді де қамтиды, – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Қайрат Дәуітов. 

Конференцияға қатысушылардың басты назары қорғаныс саласында цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылауға бағытталды. Атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды анықтау үшін радиолокациялық станцияларды зерттеу және әзірлеу төңірегінде болды. Радиолокациялық станция жүйелерінде жасанды интеллектті қолдану да талқыланды. 

Қарулы күштерді сапалы радиобайланыспен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Заманауи технологиялар әскери қызметтің осы маңызды элементін барынша тұрақты және қорғалған етуге мүмкіндік береді.

Конференция әскери радиотехника және байланыс саласындағы жетекші мамандар арасында тәжірибе және идея алмасу алаңына айналды. Жиынның қорытындысы бойынша байланыс жүйелерін одан әрі дамыту және әскери кадрларды даярлауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды.

Қазақстан мен ТМД елдерінің жетекші университеттері өкілдерінің 35-тен аса мақаласы жеке жинақ болып жарияланатынын атап өткен жөн.