
Таразда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері штабының бастығы полковник Нұрлан Кәрібаевтың басшылығымен командалық-штабтық жұмылдыру жаттығуы өтті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының аумақтық қорғаныс бригадалары қатысқан оқу-жаттығуға Жамбыл облысы әкімдігінің, Қорғаныс істері, Төтенше жағдайлар, Шекара қызметі және Ұлттық ұланның өкілдері жұмылдырылды.
– Айрықша кезеңде аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне халықты қорғау, елді мекендер мен маңызды объектілердің күзеті мен қорғанысы секілді тапсырмалар жүктеледі. Осылайша, тұрақты әскерлердің күштері мен құралдары мақсатына сәйкес өз міндеттерін орындауға босатылады, – деп түсіндірді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – әскерлер штабының бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев.
«Оңтүстік» ӨңҚ әскерлерінің құрамындағы аумақтық қорғаныс бригадалары Қызылорда, Тараз, Түркістан облыстарының орталықтарында және Шымкент қаласында құрылған. Оқу міндеттерін бірлесіп пысықтау іс-әрекеттің бірыңғай алгоритмін жасауға оң ықпал етеді.
Аумақтық қорғаныстың нақты жолға қойылған жүйесі елдің қорғаныс қабілетін арттырып, дағдарыс кезеңінде мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды, – деді Жамбыл облысы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Әлжан Хамзин.
Командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуларына қатысушылар аумақтық қорғаныс бригадаларын өрістету, өңірдің әскери басшылығының жергілікті атқарушы органдармен және күштік құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Осы міндеттерді шешудегі кешенді көзқарас мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесін нығайтуға қызмет етеді.