
Алматыдағы Орталық спорт клубының базасында Қарулы күштердің ХХІ Спартакиадасы аясында әскери қызметшілер арасында армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте «алтынды» 32039 әскери бөлімінің құрамасы олжалады, «күміс» – Әуе қорғанысы күштерінің командасына, «қола» – Әскери полиция бас басқармасының әскери қызметшілеріне бұйырды.
Сайыстың нәтижелеріне тоқталған чемпионаттың бас төрешісі, Орталық спорт клубы бастығының орынбасары майор Олжас Сердалиев армия спортшыларының дайындық деңгейі жоғары екенін атап өтті.
– Жауынгерлік шеберлікті арттырудың, әскери қызметшілердің ерік-жігері мен төзімділігін дамытудың тиімді әдісі болып табылатын армиялық қоян-қолтық ұрысы жылдан жылға танымал болып келеді. Бүгінгі чемпионат – осының жарқын дәлелі, – деді ол.
Жарысқа 14 команда құрамында 112 спортшы қатысты. Жеке біріншілікте 57 және 62 келіге дейінгі салмақта 32039 әскери бөлімінің әскери қызметшілері сержанттар Жандос Мәдехиянов пен Арнат Нәметов чемпион атанды. 67 келіге дейінгі және 97 келіден жоғары санатта олардың әріптестері аға лейтенант Ерсайын Қаппар мен лейтенант Арман Ерменбет жеңіске жетті.
Әскери полиция бас басқармасындағы қоян-қолтық ұрыстың шеберлеріне сәттілік серік болды. Бұл сында 73 келіге дейінгі салмақта сержант Думан Қабылқаев, 88 келіге дейінгі салмақта капитан Ержан Нүсіпов жеңіске жетті. Ал Әуе қорғанысы күштерінің намысын қорғаған аға сержант Ерлан Байтин 80 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды.
– Армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионатқа бірнеше рет қатыстым. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар да лайықты болды, сондықтан жеңіс сезімі де ерекше, – деді жеңімпаздардың бірі Арнат Нәметов.
Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.