Қазақстан және Әзербайжан қорғаныс министрліктерінің университеттері өзара ынтымақтастық орнатуда

Қазақстан және Әзербайжан қорғаныс министрліктерінің университеттері өзара ынтымақтастық орнатуда

Астанаға Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университетінің Әскери-ғылыми зерттеулер институты гуманитарлық ғылымдар бөлімінің бастығы полковник Яшар Керимов бастаған делегация келді.

Шетелдік қонақтар ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің оқу-материалдық базасы, ғылыми-зерттеу қызметі және даму перспективаларымен танысты.

Әзербайжан делегациясының мүшелерімен кездесуде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық пен ғылыми тәжірибе алмасу оқу орындардың профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. 

Ұлттық қорғаныс университетінде әзербайжандық әріптестер бірқатар дәрістер оқыды. 

Әзербайжан әскери делегациясының өкілдері ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне, «Алжир» мемориалдық-мұражай кешеніне барып, елорданың басқа да көрікті жерлерімен танысты.