Астанада сарбаздар мен госпиталь қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтады

Астанада сарбаздар мен госпиталь қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтады

Мереке күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Бас әскери-клиникалық госпитальға барды.

Департамент бастығы бақылау-өткізу пункті мен госпиталь кезекшілерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Емделіп жатқан әскери қызметшілермен және медициналық персоналды Қоррғаныс министрі атынан Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

– Наурыз табиғаттың жаңарып, жасаратын мезгілі. Жаңа жыл әр үйге бейбітшілік, жылулық, жақсылық пен амандық әкелсін, – деді әділет полковнигі Т. Басқожаев. - Сіздердің тезірек сауығып кетулеріңізді тілеймін. Госпитальдің дәрігерлері мен медбикелеріне адал қызметі үшін ерекше рахмет айтамын.

Госпитальде әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев кардиологиялық бөлімшеге барып, оның жабдықталуымен, тұрмысы мен тамақтануды ұйымдастырумен танысты. Ем алып жатқан мерзімді қызмет сарбаздарымен әңгімелесіп, оларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті.

20 адамға шақталған кардиологиялық бөлімшенің әлеуеті туралы медицина қызметінің майоры Бауыржан Нұрғалиев айтып берді. Емдеу қызметінен басқа оның мамандары сараптамалық жұмыстармен де айналысып, ем алушылардың әскери қызметті жалғастыруға жарамдылығы туралы қорытынды береді.

Айта кету керек, қорғаныс ведомствосының әскери-медициналық қызметі жүйесінің жетекші клиникасында жыл сайын үш мыңға жуық пациент стационарлық емдеуден өтеді. Қызметтерінің ауқымы кең. Олар негізгі медициналық көмектен бастап күрделі операцияларға дейін жасайды.