
Наурызнаманың онкүндігі аясында табиғаттың түрленуі – Жаңару күні Қарулы күштер әскери бөлімдерінің жеке құрамы ағаш көшеттерін отырғызу және аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараны өткізу орны ретінде 68602 әскери бөлімінің басшылығы мен отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдері Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы № 32 жалпы білім беретін мектебінің аумағын белгіледі. Әскерилердің бұл бастамасына мектеп оқушылары да қосылды.
– Айналаны абаттандыру үшін біз мектеп маңайын таңдадық. Бұл білім ордасында Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің көбінің балалары оқиды. Сондықтан осындай істерге бірге қуанамыз. Оның үстіне бұл балаларға көрсетілген жақсы үлгі. Бұл акция қолайлы ортаны қалыптастыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етері сөзсіз, – деді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет басшысы Ақмарал Дайырбекова.
Осы наурыз күндері Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жеке құрамы да Жаңару күнін атап өтті.
– Көктемгі шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Әскерге шақырылғандар легі тек жұмыс күндері ғана емес, демалыс күндері де әскерге жіберіледі. Соған қарамастан біз жақсы, пайдалы іске де біраз уақыт таптық. Бұл жұмыс үдерісіне еш әсер еткен жоқ, – деп атап өтті Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрбол Зейнелов.
Офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен қызметкерлер ағаш көшеттерін отырғызып, облыстық жинау пунктінің аумағын абаттандырды. Олар жоспарланған экологиялық акцияға мерекелік көңіл-күймен шықты.
– Жинау пункті аумағының тазалығы аса маңызды, өйткені дәл осы жерде әскерге шақырылушылар әскермен таныса бастайды, олардың одан арғы қызметі туралы алғашқы әсерлері қалыптасады, – деп атап өтті қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Ерлан Маханов.
Осындай шараларда әскери қызметшілер оқушылар мен әскерге шақырылушыларға қазақ халқының салт-дәстүрлерін құнттаудың, табиғат пен туған жерге құрметпен қараудың тамаша үлгісін көрсетті.