32363 әскери бөлімінде өткен ауқымды сайысқа алты команда құрамында Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондарының 30-дан астам офицері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшісі қатысты.
Үш күн бойы әскери қызметшілер дәлдікті, шыдамдылықты және барынша шымырлықты қажет ететін сайыста бақ сынасты.
Әскери-спорттық кешенге Калашников автоматынан оқ ату, қашықтыққа граната муляжын лақтыру, күштік жаттығулар мен 100 және 3000 метр қашықтыққа жүгіру кіреді.
– Спартакиада нәтижелері әскери қызметшілердің спорттық машықтарын жетілдіруге деген қызығушылықтарын көрсетті. Себебі, бұл әр Отан қорғаушының жауынгерлік дайындығының негізі бөлігі. Әрқайсысының көрсеткен нәтижесі бөлімшенің, әскери бөлімнің және жалпы әскерлердің жауынгерлік күш-қуаты, – деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының офицері майор Марат Ағамбаев.
Жеке есепте 32363 әскери бөлімінің жауынгері аға сержант Бексұлтан Сайфулла жеңіске жетсе, екінші және үшінші орындарға Жетісу гарнизонының әскери қызметшілері сержанттар Асқар Сейдахмет пен Алмас Есбосынов табан тіреді. Екеуі де 18404 әскери бөлімінде қызмет етеді.
Командалық есепте Қонаев гарнизоны 32363 әскери бөлімінің құрамасы «алтын» еншілесе, 18404 әскери бөлімінің командасы (Талдықорған қ.) «күміске» және Райымбек батыр атындағы Алматы десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері (61993 ә/б) «қолаға» қол жеткізді.
Жарыс жеңімпаздарының марапаттау рәсімі Қонаев қаласындағы Мәдениет сарайында өтті. Онда 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының көркемөнерпаздар ұжымы көпшілікке тамаша концерт ұйымдастырды.
Спартакиадаға қатысушының бесеуі «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағын алу үшін нормативтер тапсырғанын айта кеткен жөн.