Қарулы күштерде Наурызнама аясында «Амал күнінен» басталған мерекелер легі жалғасуда

Қарулы күштерде Наурызнама аясында «Амал күнінен» басталған мерекелер легі жалғасуда

Әскери бөлімдерде «Қайырымдылық» күніне арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтсақ, Алматы қаласы Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері «Қамқор» әлеуметтік үйінде болып, 89 жастағы Валентина Ястремская мен 77 жастағы Валентина Денисенконы Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Жаңа мазмұндағы қайырымдылық пен ұрпақтар сабақтастығы пішінінде өткен кездесуде әскери қызметшілер қарияларға гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етті.

 – Бүгінгі іс-шараның мақсаты – үлкенге құрмет көрсете отырып, жастарға үлгі болу. Бабаларымыздан «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген сөз қалған. Қарияларымызды қадірлеп, сол кісілердің игі істерін кейінгі ұрпағымызға үлгі ете білуіміз керек, – деді Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілі аға лейтенант Гүлсім Бәкірова.

Бүгінгі «Қайырымдылық» күні Гвардейск гарнизонындағы танкистер құрамасының әскери қызметшілері де Жамбыл облысының Қордай ауданындағы № 7 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барып, қарттарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әскери қызметшілер қарияларға әкелген сый-сияпаттарын табыстап, шағын концерт қойып берді.

 – Қарттарымызды назарсыз қалдырмауға тырысамыз. Бұл жолы да ол кісілерге мерекелік көңіл-күй сыйлай алдық деген үміттеміз, – дейді 21450 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Думан Біләлов

Өз кезегінде Қарттар үйлерінің басшылығы әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, жасаған сый-құрметтері үшін алғысын жеткізді.

Сонымен қатар Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлері Оқу орталығы мотоатқыштар мектебінің 15 сарбазы Қарулы күштердің ардагері Бибісара Салтанқұлованы мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.

– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – жауынгерлерді қайырымдылық, мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Сарбаздар ардагеріміздің үй шаруашылығына жәрдем көрсетіп, шағын жөндеу жұмыстарын жүргізді. Аумақты тазалап, бау-бақшаның орнын қопсытып берді, – дейді Оқу орталығы мотоатқыштар мектебі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Айдын Сүлейменов.

Ал Талдықорған қаласындағы 54380 әскери бөлімінің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі «Айналайын» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында болды.

Әскери байланысшылар Балалар үйінің тәрбиеленушілерін Наурыз мерекесімен құттықтап, өздерімен бірге ала келген жеміс себеттерін, тәттілер мен ойыншықтарды табыс етті.

Әскери қызметшілер балалардың ұйымдастыруымен өткен шағын концертті тамашалады. Жас өнерпаздар меймандарға Наурыз, бақыт және ана тақырыбындағы әндерді орындап, би билеп берді. Балалар үйі бата беру сайысының жеңімпазы Эдуарт Веснин Наурыздың батасын берді.

54380 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Асхат Оспанов сахнада өнер көрсеткен болашақ Отан қорғаушыларына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Ол бүлдіршіндерге Қарулы күштер халқымыздың тынышытығы мен балалардың бейқам ұйқысын кірпік қақпай қорғайтынын жеткізді.

Атыраудағы 41433 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қаладағы айрықша балаларға арналған оңалту орталығында болып, бүлдіршіндерді қуантып қайтты.

Балаларды Наурыз мерекесімен құттықтаған әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Мейрам Қаппасов, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің бастығы Дария Шүкенова және әскери қызметші әйелдер оларға тәттілер мен ойыншықтар үлестірді.