
Коронавирусқа қарсы іс-қимыл, әскери-медициналық қызметті жетілдіру және әскерлердің жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру шаралары - Қорғаныс министрлігіндегі аппараттық кеңестің күн тәртібі осындай болды. Алдағы халықаралық іс-шараларға қатысуға байланысты дәрігерлердің ұсынымдарына сәйкес Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев өзі оқшаулауда бола отырып, бейнеконференцбайланыс бойынша басшылықты жүзеге асырады.
Оқу-жаттығу шеңберінде арнайы өңдеудің жиынтық отрядтары 19 қалада дезинфекция жұмыстарын аяқтайды. Күн сайын жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша әскерилер әлеуметтік маңызы бар объектілер мен адамдар көп жиналатын жерлердің жүздеген мың шаршы метрін дезинфекциялайды.
Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мақсатында бұрын енгізілген шектеулер мен сақтық шаралары сақталады. Жауынгерлік кезекшілікке және тәуліктік нарядқа түсетіндерді қоспағанда, жеке құрамды сапқа тұрғызуға тыйым салынады. Әскери қызметшілер мен қызметшілердің жұмыс орындарында болуы барынша шектетілді. Орындалатын міндеттердің ерекшелігіне байланысты олар қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды. Командирлердің орынбасарларымен байланыстары, әскери объектілерге бөгде адамдардың баруы шектетілді.
Министр әскери бөлімдер мен әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері тұратын жерлерде санитарлық-эпидемияға қарсы шаралардың сақталуына бақылауды күшейтуді, маскалық режимді бұзуға жол бермеуді, үй-жайларға, соның ішінде әскери қалашықтар аумағындағы сауда және тамақтану объектілерінің қызметкерлері арасында дезинфекция жүргізуді тапсырды.
Іс-шараларға қатысуға әскери-медициналық мекемелер дайын. Атап айтқанда, Нұр-Cұлтан қаласындағы Бас әскери клиникалық госпиталь коронавирусы бар пациенттерді қабылдауға дайындалды.
Әскери-медициналық қызметті күшейту бойынша міндет қойылды. Жақын арада заманауи деңгейде әскери бөлімдер мен мекемелерді медициналық көмектің толық спектрімен қамтамасыз ету үшін ұйымдық-штаттық құрылымды жетілдіру қажет.
Әскери медициналық мекемелердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы жоспарлануда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылып, медициналық қызметтердің жекелеген түрлерін көрсетуге өтінімдер берілді. Алматы мен Талдықорғандағы екі әскери госпиталь әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне ғана емес, оларға бекітілген азаматтарға да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсетеді.
Кеңес барысында әскерлердің жедел және жауынгерлік даярлығына ерекше назар аударалды.
Осыған дейін Қорғаныс министрі жазғы оқу кезеңіне басқару органдары мен әскерлерді дайындаудың бірыңғай кешенді стратегиялық міндеті туралы ойды бекітті.
Жеке құрамның жартсының қызметі қашықтық режимінде болуы жағдайында мамандық бойынша дайындық жалғасуда. Бұл үшін әскери қызметшілердің лауазымдық міндеттерін, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану ережелерін дербес зерделеу ұйымдастырылды. Жеке дене шынықтыру дайындығына арналған «Үйде» деген арнайы бағдарлама әзірленді, ол жауынгерлік дайындықтың маңызды бөлігі болып табылады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қашықтық режимінен шыққаннан кейін материалды меңгеру сапасы мен дене даярлығы деңгейіне тексеру жүргізіледі.
Оқу-материалдық базаны, атап айтқанда, экипаждарды жауынгерлік машиналардың қару-жарағынан атуға дайындау, сондай-ақ нұсқаушыларды әдістемелік даярлау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
«Сабақ жетекшілеріне өте көп байланысты. Олар өз ісіне қызығатын жандар болуы керек. Барлық пәндер бойынша нұсқаушылар өз ісіне жанашыр болуға тиіс. Өзі барлығын жетік меңгеріп қана қоймай, жеке құрамды оқыта білу де керек», - деп атап өтті министр.
Атап өткендей, әскерлердің жауынгерлік дағдысын заманауи шындықты ескере отырып жетілдіру қажет. Жауынгер әскери салада қолданылатын техникалық жаңалықтардан хабардар болуы, қарсыласына кез келген экстремалды жағдайларда қарсы тұру үшін әскери тактикалық ату дағдыларын, дрондармен күрестің тактикалық тәсілдерін меңгеруі тиіс.
Арыс қаласында құрама жасақ әскери қызметшілерінің кезекті ротациясы жүргізілді. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің инженерлік-саперлік полкінің 100-ден астам әскери қызметшісі ТЖ салдарын жоюға қатысуға келді.
Кеңес барысында нысандар құрылысының сапасыда айтылды. Құрылыс шарттарын жауапсыз орындау фактілері бар. Жекелеген мердігерлер құрылыс саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сақтауды ұйымдастыру, диверсияға қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі басшылық құжаттарының бұзылуына жол берілді. Объектілерді жобалау бойынша іс-шаралардың төмен ұйымдастырылуына, жауапты лауазымды тұлғалардың осы мәселеде қатыспауына жол берілмейді.
Сондай-ақ талқылау үшінші қазақстандық бітімгершілік ротасының «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысуына да қатысты болды. БҰҰ шешіміне сәйкес қазақстандық бітімгершілік контингентін алмастыру ағымдағы жылдың тамыз айында жүргізілетін болады.
Елімізде әскери қызметшілер үшін үшінші жыл екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық несиелеу бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Министр Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен қызметшілерін әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту жөніндегі қосымша шараларды пысықтауды тапсырды.