
Ақмола облысында «Жас ұлан» республикалық әскери мектептері мен мамандандырылған лицейлердің тәрбиеленушілері арасында өткен әскери-спорттық жарыстар аяқталды.
Іс-шараны ұйымдастырған Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубы жарысты Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орайластырғанын атап өту керек.
Төртінші рет өткізіліп отырған жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларының әскери мектептері мен мамандандырылған лицейлерінен 50 тәрбиеленуші қатысты.
Спорт комитеті төрағасының орынбасары майор Олжас Сердалиев жас спортшыларды жарыстың аяқталуымен құттықтады.
ҚР Қорғаныс министрлігі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің бастығы подполковник Айбек Ғабдрахов атап өткендей, спартакиада балалар үшін өзін танытуға, өз әлеуетін дамытуға және дене шынықтыруға тамаша мүмкіндік.
Жас спортшылар шаңғымен 3 шақырым қашықтықты еңсеріп, пневматикалық мылтықпен атуды және белтемірге тартылуды орындады. Сонымен бірге үстел теннисінде ракетканы меңгеру деңгейін де көрсетті.
Спартакиада қорытындысы бойынша Шымкент қаласының командасы үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Алматы қаласының спортшылары екінші орынды иеленсе, қарағандылықтар үшінші орыннан көрінді.