
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков пен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, білім беру және ғылыми салалардағы зияткерлік әлеуетті іске асыруға өзара қызығушылық танытты. Ынтымақтастық мемлекеттік қызметпен байланысты көптеген бағыттар бойынша оқытудың және ғылыми жұмыстың заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндіктер ашады.
– Қол жеткізілген уағдаластықтар әскери және азаматтық сектордың мемлекеттік қызметкерлерін кәсіби даярлауды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков. – Сонымен қатар, біздің университет оқу үдерісін автоматтандыруға байланысты бағыттарды нәтижелі меңгеріп, өз әзірлемелерімен бөлісуге дайын екенін атап өткім келеді.
Құжатқа сәйкес тараптар профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға өзара қолдау көрсету, білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, зерттеудің басым бағыттары бойынша заманауи технологиялар мен әдістерді енгізу саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаласты.
Одан өзге, құжатта симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар ұйымдастыру, білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер бойынша жарияланымдармен, материалдармен, оқу әдебиеттерімен алмасу, магистранттар мен докторанттарға кеңес беруге жәрдемдесу де көзделген.