Қарулы күштер Алғыс айту күнін атап өтуде

Қарулы күштер Алғыс айту күнін атап өтуде

Көктемнің бірінші күні өтетін мереке еліміздің аумағында тұратын жүзден астам этносты біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуымен байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында «Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз» деді.

Қилы заманда қазақ жері жүздеген мың адамдарды паналатып, олардың екінші Отанына айналды. 

Сондықтан ҚР Қарулы күштерінің әскери ұжымдарында бүгінде түрлі ұлт өкілдері қызмет етеді. Олар бір үлкен отбасындай тату. 

Алғыс айту күніне орай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизоны офицерлерінің үйінде әскери қызметшілердің, этномәдени бірлестіктердің отбасы мүшелерімен және сарбаздар аналарымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдерінің қатысуымен іс-шара өтті. 

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали әскери бөлімге шақырылған сарбаз аналарын сахнаға шығарып, оларға командирдің атынан ұлдарын жақсы тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табыстады.

– Біз сарбаздардың аналарын қуантып, оларға еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелегендері үшін ризашылығымызды білдіргіміз келді, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов. – Біздің іс-шара әр түрлі ұлт өкілдерін, әр жастағы және түрлі кәсіптегі адамдарды біріктірді. Бұл ынтымақта біздің де күш-жігеріміз де жатқанын көрсетеді.  

Өз кезегінде «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігі аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова елдегі және әскердегі әл-ауқаттың кепілі барлық ұлт өкілдерінің бір-біріне деген ілтипаты, сондай-ақ қазақ тіліне, мәдениетіне және еліміздің бай тарихи мұрасына құрметпен қарауы деп атап өтті.