Қазақстанда Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанының 35 жылдығы атап өтілді

Қазақстанда Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанының 35 жылдығы атап өтілді

Қорғаныс министрлігі еліміздің басқа мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып, осындай атаулы күнге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. 

Астанада елорда әкмшілігінің, қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілдері және Ауғанстандағы ұрыс іс-қимылдары ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің басшылары «Отан қорғаушылар» монументіне және «Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлер» мемориалына гүл шоқтарын қойды. 

Еске алу шарасы Еркеғали Рахмәдиев атындағы филармонияның Мемлекеттік концерт залында жалғасын тапты. Онда бес жүзге жуық интернационалист жауынгерге «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» естелік белгісі табысталды. Іс-шара соңы концертпен аяқталды. 

Астанада тарихи оқиғаны еске алу үшін Ауған соғысының ардагері отставкадағы полковник Амангелді Жантасов Ұлттық академиялық кітапхана мен Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне «На острие скальпеля» кітабын тапсырды. Оның авторы – арнайы мақсаттағы 177-ші жеке жасақтың әскери хирург-дәрігері, медицина қызметінің полковнигі Асылхан Өтеев.

– Асылхан Өтеевпен екі жыл бойы иық тіресе жұмыс істедік. Оның қолдары алтын. Бұл адам талайларды өлім аузынан арашалады, тіпті ешқандай үміт жоқ деген жағдайда да аман алып қалатын, – деп бөлісті А.Жантасов. 

Алматы қаласы № 78 мектеп-гимназиясында Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Әбдішүкіровтың, интернационалист жауынгерлер Тайыржан Молдабековтың, Арғынбек Майтбасовтың, Александр Скоробогатовтың, Розахун Назаровтың және Кеңес Одағының Батыры Николай Кремеништің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Батыр атағын Николай Иванович командирдің өмірін сақтап қалғаны үшін алды, ол дұшмандар автоматпен оқ жаудырғанда командирін кеудесімен жауып, аман сақтап қалған.

Ардагерлерге арнап концерт ұйымдастырылды. Гимназия оқушылары бұдан бөлек көздерін байлап, автоматтарды бөлшектеп-жинау, алғашқы медициналық көмек көрсету және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. 

Осындай іс-шаралар Жапақ Қаражігітов атындағы №16 Атырау мектеп-лицейінде, Ақтас ауылындағы № 16, Қарағанды облысының Саран қаласындағы № 16, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы № 3 орта мектептерінде және еліміздің басқа да оқу орындарында өтті.

Алматы қаласының Түрксіб ауданында Ауған соғысы ардагерлерінің алаңында интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Аудан әкімдігінің басшылығы, қорғаныс істері жөніндегі, әскери полиция басқармаларының әскери қызметшілері, әскери ЖОО курсанттары, сондай-ақ әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Отан алдындағы борышын орындау кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында «От кешкен жылдар» атты ерлік сабағы өтті. Оны Ауған соғысының қатысушысы, «Қазақстан ардагерлері» Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл өткізді. Ол курсанттарға жауынгерлік міндеттер, Кеңес жауынгерлерінің ерлігі туралы айтып, өзінің жауынгерлік өмірбаянының қызықты естеліктерімен бөлісті.