Алматыда Ауған соғысы ардагерлерінің жастармен кездесуі өтті

Алматыда Ауған соғысы ардагерлерінің жастармен  кездесуі өтті

Ауған соғысына қатысқан он тоғыз қазақстандық әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Осы және басқалары жайлы Ауған жауынгерлері жоғары оқу орындарының студенттері және курсанттарымен кездесуде әңгіме өрбітті.

Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерін үйлестіру кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Мұрат Әбдішүкіров пен Қарулы Күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Алмас Исабеков естеліктерді еске алды. 

Ерлік сабағы Абылай хан атындағы Қазақстан халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде өтті. Іс-шараға қатысушылар арасында Құрлық әскерлері әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, ҚР ҰҚК Шекара академиясының 300-ден аса курсанты, сондай-ақ азаматтық ЖОО-ның 200-ден астам студенті бар.

– Биылғы жылы кеңес әскерлердің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл. Он жыл ішінде 22 мыңнан аса қазақстандық соғысқа аттанып, олардың 900-ден астамы қаза тапты. Алты қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры, біреуіне Халық қаһарманы атағы берілді. 4 мыңнан аса жауынгер Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордендерімен және «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды, – деді интернационалист жауынгер Мұрат Әбдішүкіров.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыда Ауған соғысының 2 мыңнан астам ардагері тұрады.  

Жастар соғыс туралы әңгімелерді ыждағатпен тыңдады. Бұрын бұл туралы тек көркем фильмдерден көргендер көзбе-көз сұрақтар қойды.

Студенттердің көбі әскери кафедрада оқиды. Олар оқуды бітіріп, офицерлік құрамының алғашқы «запастағы лейтенант» әскери атағын алғаннан кейін Десанттық-шабуылдау әскерлеріне барып, әрі қарай қызмет етуге ниетті.

Аталмыш шара ҰҚК Шекара академиясы мен Қазақстан халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шығармашылық ұжымдарының интернационалист-жауынгерлерге арналған концертімен аяқталды. 

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында Алматыда бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында Даңқ мемориалы мен интернационалист жауынгерлерге арналған монумент жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі, ауған әскери әндер концерті, қаланың оқу орындарында ерлік сабақтары, спорттық іс-шаралар мен автошеру бар.