Ұлттық қорғаныс университетінде әскери-патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды

Ұлттық қорғаныс университетінде әскери-патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды

Отандық әскери білім ордасына Андрей Лукиннің басшылығымен Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің делегациясы келді. 

Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков парламенттегілерге жоғары оқу орны қызметінің негізгі бағыттары және 2025 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын іске асыру жөнінде айтып берді. Құжатта мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның мотивацияны қалыптастыру және әскерге шақырылғанға дейінгі жастардың әскери қызметке дайындығы жөніндегі кең ауқымды мәселелерді шешудегі өзара іс-қимылдың негізі көзделгенін де атап өтті.

Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде жастарды патриоттық тәрбиелеу мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-әрекет және жүйелі көзқарас қажеттілігіне назар аударды.

Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары полковник Виталий Адамович сенаторларды осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. Ол еліміздегі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу процесінің қозғаушы күші қорғаныс, оқу-ағарту министрліктері, жергілікті атқарушы органдар және «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысы екенін атап өтті. Құрылған сәттен бастап қозғалыс тәрбиеленушілерінің саны 73 164-тен 260 162-ге дейін өсті. Әскери-патриоттық клубтардың саны 2828-ден 8672-ге дейін артты. 

Бұдан бөлек полковник В. Адамович 2024 жылы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына орайластырылған «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтетінін мәлімдеді. Жиынға алғаш рет ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің – Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзербайжан командалары шақырылады. Жиынға қатысушылар саны мыңға жуық адамды қамтымақ. 

Кездесуде университет өкілдері осы саладағы заңнаманы жетілдіруге қатысты мәселелерді көтерді. Өз кезегінде сенаторлар соңғы жылдары әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын жақсарту және әскери қызметке деген ынтасын арттыру төңірегінде бірқатар заңнамалық актілер қабылданғанын хабарлады. Олар Парламентте әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр деді.

Депутаттарға әскери өнер, қару-жарақ және әскери техника, ақпараттық технологиялар, әскери оқыту және тәрбие мәселелерін зерттеумен айналысатын әскери оқу орнының ғылыми жетістіктері көрмесінің тұсаукесері ұйымдастырылды. Бұл бағыттарды іске асыру ғылыми зертханалар мен орталықтар базасында жүзеге асырылатын болады.