«Астана» өңірлік қолбасшылығында армиялық қоян-қолтық ұрыстан ауған жауынгерлерін еске алуға арналған чемпионат өтті

«Астана» өңірлік қолбасшылығында армиялық қоян-қолтық ұрыстан ауған жауынгерлерін еске алуға арналған чемпионат өтті

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» Қарағанды республикалық мектебінің спорт кешенінде «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының кубогы үшін қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті.

Чемпионат Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орайластырылды. Оған гарнизонның әскери бөлімдері мен мекемелерінен сегіз команда құрамында 70-тен аса әскери қызметші қатысты. 

«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының ауыспалы кубогын 31775 әскери бөлімінің командасы иеленді. «Күміс» жүлде 99260 әскери бөлімінің құрамасына, «қола» 85510 әскери бөліміне бұйырды.

«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Ержан Ибраев қатысушыларға жоғары деңгейдегі дене шынықтыру дайындығын көрсеткені үшін алғыс айтып, спорт пен қызметте әрі қарай жетістікке жете беруге тілектестік білдірді. 

– Жарыс тартысты өтті. Жекпе-жекке шыққандар да мықты бәсекелестік көрсетті. Сендер интернационалист жауынгерлерді еске алуға арналған бұл турнирде ерік-жігерді, табандылықты және жауынгерге тән мінезді дәлелдей алдыңдар, – деп атап өтті полковник Ержан Ибраев.

Қоян-қолтық ұрыстан өткен біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және грамоталармен марапатталды.