
ICE CREAM CUP X республикалық пікірсайыс турнирінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары екінші орын еншіледі.
Зияткерлік сайыс Халық шаруашылығы университетінде өтті. Оған еліміздің 18 жоғары оқу орнының өкілдері, барлығы 90 фракция (команда) қатысты.
Қорғаныс минитрлігінің әскери жоғары оқу орындары арасынан үш фракция ұсынылған болатын. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының намысын «Патриот» ғылыми-пікірсайыс клубы қорғады. «Жарғы» командасының құрамындағы екінші курс студенттері Диас Қанатұлы мен Рамазан Оразбаев шешендігімен және күрделі кейстерді шебер шеше білуімен мықты ойын көрсетті.
– Турнир жоғары деңгейде өтті, бәсекелестер де мықты болды. Сөз ділмарларының сайысы барысында қазіргі қоғамның өзекті мәселелері талқыланды. Алайда ойында тақырып емес, дәлелдер келтіру, сөзіңе сендіру және тапқырлық таныту процесінің өзі маңызды болды, – деді конкурсқа қатысушы Диас Қанатұлы.
Қызықты жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубоктармен, грамоталармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
«Патриот» ғылыми-пікірсайыс клубын 2010 жылы профессор – ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы майор Нұргүл Исмағұлова құрғанын айта кетейік. Клуб пікірсайысшылары түрлі жарыстардың, соның ішінде халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары, курсанттар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өнер көрсетеді.
«Патриот» клубы сондай-ақ, жыл сайын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының кубогына республикалық ауқымдағы дебаттық турнир өткізеді.