
Маңғыстау облысында Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен кездесті.
Іс-шара әскери қызметтің ерекшелігін түсіну мен диалог құруға жасалған маңызды қадам болды.
Полковник Ермиян Бятов кездесуге қатысушыларға әскери қызметшілер міндетінің маңызды екенін атап өтті. Мұндай кездесулер өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін жеткізген ол жиналғандарға отбасыларына түсіністік пен қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
Кездесу барысында әскери қызметшілердің жұмыс уақытының регламентіне байланысты әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй және басқа да мәселелер талқыланды. Жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер түртіп алынды.
99116 әскери бөлімінің қонақтары «Бекет ата» полигонында болып, шатырлы қалашыққа барды. Ол жерде әскери қызметшілердің тұрмысымен және жаттығу үдерісімен танысты, одан бөлек сарбаз ботқасынан да дәм татты.
Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атынан үздік әскери қызметшілер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара мерзімді қызметтің сарбаздары дайындаған концертпен аяқталды.