Алматы облысында бітімгер жауынгерді еске алды

Алматы облысында бітімгер жауынгерді еске алды

Қазақстандық жауынгер Вячеслав Мезенцевке Іле ауданының Казцик ауылында қазақ кино және театр актері Әнуарбек Молдабеков атындағы № 6 орта мектебінің ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды. 

Вячеслав Мезенцев ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғауға қатысқан Қазақстанның ұжымдық бітімгершілік күштерінің құрамында әскери борышын орындау кезінде қаза тапты.  

Бұл шараға Іле ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Сұлтан Гаппаров, Алматы қалалық генералдар одағының мүшесі генерал-майор Махмұт Телегусов, Казцик ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мэлс Джамилов, «Қазбат» ардагерлерінің жауынгерлік іс-қимылдары мен бітімгерлік операциялар одағы» РҚБ төрағасы Асқар Шимпеев, сондай-ақ туыстары, әріптестері және сыныптастары қатысты.

– Отан алдындағы борышын адал атқара отырып, әскери қызметші Вячеслав Мезенцев жиырма жасында мерт болды. Ол оқыған мектепте ескерткіш тақта орнату жауынгердің батылдығына көрсеткен құрметіміз, – деді подполковник Сұлтан Гаппаров. 

Жиынға қатысушылар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, батырды бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Қатардағы В. Мезенцев 1993 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына шақырылды. Ол Отардағы 25744 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өткерген. Борышын өтеген соң ол тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік қызметін жалғастыру үшін өз еркімен барған. Вячеслав Мезенцев 1995 жылы 12 ақпанда банда содырларының қолынан қаза тапты. 

Аз ғана ғұмырында Вячеслав туыстарының, әріптестерінің, ауылдастары мен достарының жүрегінде жылы естеліктермен қалды.