«Оңтүстік» ӨңҚ байланыс полкі мерейтойын атап өтті. Салтанатты іс-шараға әскери бөлімді басқарған бұрынғы командирлердің бәрі шақырылды.
1994 жылы байланыс полкі жаңадан құрылған кезде бұл бөлімнің қазіргі әскери қызметшілерінің бірі дүниеге енді келіп жатса, енді бірі мектеп табалдырығын аттап жатқан. Ал сол тұста Алматы облысының Боралдай кентінде бөлімнің алғашқы командирі майор Владимир Шихалев байланыс бөлімін құрумен айналысып жатқан.
Отыз жыл ішінде әскери бөлім басшылығының эстафетасын майорлар Мейрам Хамзин, Болат Сатылғанов, Алексей Қалижанов, Әсет Мадемаров, Арман Шоқаев секілді командирлер бір-біріне тапсырды. Олардың бәріне бөлімнің қазіргі командирі полковник Сымбат Тұяқаев төрден орын берді.
Мерекеге жиналған қонақтар мен ардагерлер бөлімнің дамуы мен қалыптасу жылдарын еске алды. Бұл ретте олардың барлығы да полк әскери қызметшілерінің басшылық қойған кез келген тапсырманы сапалы әрі толық көлемде орындағанын мақтанышпен атап өтті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасы әскерлерді басқаруды ұйымдастыру үшін байланыстың барлық түрімен қамтамасыз етілді.
– Біз бөлімнің тарихы мен жауынгерлік дәстүрлерін қатаң сақтаймыз. Өйткені бұл – ұрпақтар сабақтастығы, – деп атап өтті байланыс полкінің командирі полковник Сымбат Тұяқаев. – Біз әрдайым жауынгерлік жарыста жетекші орынға ие болуға тырысып келеміз. Әскери қызметшілердің кәсібилігінің арқасында оған қол жеткізе аламыз.
Әскери бөлімнің 30 жылдығын мерекелеу аясында әскерилендірілген эстафета өткізілді. Онда байланысшылардың кәсіби шеберлігі сынға түсті. Сондай-ақ шағын футболдан турнир өтті. Оған Тараз гарнизонындағы әскери бөлімдердің командалары, байланыс полкінің командирлері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Іс-шара полктің бай тарихының сақталуына, оның игі дәстүрлерін нығайтып, сондай-ақ Құрлық әскерлеріндегі таңдаулы бөлімдердің бірінде қызмет ететін әскери қызметшілер арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға ықпал етті.