Армия спортшылары күрестен Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Армия спортшылары күрестен Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Ересектер арасында өткен грек-рим және еркін күрестен ел чемпионатының қорытындысы бойынша Орталық спорт клубы спортшыларының қоржынында – жеті алтын, жеті қола және бір күміс.  

Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтті. 

Еркін күрестен ерлер арасында ефрейторлар Мейіржан Әшіров (70 келіге дейінгі салмақта) пен Нұрқожа Қайпанов (74 келіге дейінгі), аға лейтенант Әділет Дәулімбаев (92 келіге дейінгі) чемпион атанды. Қола жүлде ҚР Қарулы күштерінің қызметшілері Асылжан Есенгелді (57 келіге дейін) мен Камиль Куруглиевтің (97 келіге дейін) еншісінде.  

Әйелдер арасындағы еркін күрестен республикалық біріншіліктің жеңімпаздары да анықталды. 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ефрейтор Жәмила Бақбергенова алтыннан алқа тақты. Қола медальдармен ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Марина Седнева (53 келіге дейін) және ефрейтор Гүлмарал Еркебаева (76 келіге дейін) марапатталды. 

Грек-рим стиліндегі күресте ефрейтор Айдос Сұлтанғали (60 келіге дейін), ҚР Қарулы күштерінің қызметшілері Мейіржан Шермахамбет (67 келіге дейін) және Әлімхан Сыздықов (130 келіге дейін) жеңіске жетіп, алтын алқа тағынды. Чемпионатта ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Мақсат Сайлау (87 келіге дейін) күміс еншіледі. Үздіктердің үшінші сатысы мерзімді қызметтің сарбаздары Ербол Камалиевке (55 келіге дейін), Қарулы күштердің қызметшілері Диас Кален (87 келіге дейін) және Ислам Умаевқа (97 келіге дейін) бұйырды. 

Айта кетейік, чемпионатқа еліміздің жиырма өңірінен екі жүзден астам спортшы, оның ішінде жүзден аса әйел қатысты.