Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің оңтүстігінде акция ұйымдастыруда

Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің оңтүстігінде акция ұйымдастыруда

Қорғаныс ведомствосы ақпараттық десантының «Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар» акциясы аясындағы іс-шаралары Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласын қамтиды.

Ақпараттық-түсіндіру тобы бұған дейін Тараз, Арыс қалаларында болды. Елордалық делегация құрамына Тәрбие және идеологиялық жұмыс, Әскери білім және ғылым департаменттерінің өкілдері, Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының қызметкерлері, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық тобы және ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің хоры кіреді.

Ақпараттық-түсіндіру тобының Тараздағы жұмысы Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығымен тығыз байланыста өткенін айта кету керек. Акцияға орта мектептер мен колледждердің оқушылары, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың студенттері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері тартылды.

Астаналық делегация жексенбі күні Тараз гарнизоны әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерімен кездесу өткізді. Онда сарбаздарға әлеуметтік жеңілдіктер туралы, оның ішінде мерзімді қызмет өтеу кезінде кредиттік демалыстар беру, ҰБТ тапсырмай ЖОО-на түсу, ал жауынгерлік дайындық үздіктері үшін грант бөлінетіні жөнінде айтылды.

Тараздағы «Баласағұн» мәдениет үйінде екінші дүниежүзілік соғысқа, Қазақстан Қарулы күштерінің құрылу тарихына, қазіргі заманғы армияға және оның даму перспективаларына қатысты экспозициялардан тұратын мұражай көрсетілімі ұйымдастырылды.

«Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен болған кездесу «Патриотизм – Қазақстанның өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Ерлік сабағы түрінде өтті. Дәріскерлер қалалық мектептердің 9-11 сынып оқушыларына әскери қызметке шақыру тәртібі туралы ғана емес, әскери оқу орындарына түсу шарттары жайында да егжей-тегжейлі айтып берді.

Кездесу әскери шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен аяқталды. Отан туралы әндер, музыкалық композициялар мен би қойылымдары жас көрермендерге ерекше қуаныш сыйлады.

– Іс-шара маған қатты ұнады. Бұған дейін мен оның мұншалықты әсерлі өтетінін сезінбедім. Маған әсер еткені сонша, тіпті әскери адам болғым кеп кетті, – дейді Тараз қаласындағы № 8 орта мектептің оқушысы Інжу Жеңісқызы.

Кездесуде Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицері подполковник Дәулет Бейсеков өскелең ұрпақ пен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

– Бұл іс-шаралар қатысушыларға өз елінің азаматы болу деген ұғымның нені білдіретінін және біздің әрқайсымызға қандай міндеттер мен жауапкершілік жүктелгенін түсінуде үлкен көмек болды, – деді подполковник Дәулет Бейсеков.

«Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар» акциясы Түркістан облысының Арыс қаласында жалғасын тапты. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Шымкент, Түркістан және Кентау қалаларына барады.