
Арнайы бөлімшенің әскери қызметшілерін айтулы оқиғамен Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтады.
2022 жылғы 19 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды.
Арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өткен қорғаныс ведомствосының басшысы әскери қызметшілерге жаңа кәсіби биіктер мен қойылған міндеттерге қол жеткізуде табандылық тіледі.
Бүгінде Арнайы операциялар күштері құзыретті мамандармен жасақталып, техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен жарақтандырылған. Инфрақұрылым нысандарын салу мен реконструкциялау аясында олардың оқу-материалдық базасын нығайту шаралары қабылдануда.
2023 жылы олардың бөлімшелері Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен өткен «Батыл тойтарыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына жұмылдырылды. Осы оқу-жаттығуларда Президент Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығына Жауынгерлік ту тапсырды.
Арнайы операциялар күштері қолбасшылығының құрылған күніне орай бірқатар әскери қызметшілер ведомстволық медальдармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.