Үстел теннисінен Қарулы күштердің чемпионаты өз мәресіне жетті

Үстел теннисінен Қарулы күштердің чемпионаты өз  мәресіне жетті

Елордалық Aspan спорт кешенінде XXI Спартакиада аясында үстел теннисінен ҚР Қарулы Күштерінің алғашқы чемпионаты өтті. 

Жарысқа Қарулы күштер мен әскер тектерінен келген 14 команда құрамында 28 ер адам мен 13 әйел қатысты. Сайыс олимпиадалық жүйе негізінде өтті. 

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров жарысқа қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі. 

– Бүгінгі чемпионатта командалардың бәсекеге қабілетті рухы ерекше көрінді. Қандай нәтиже болса да, әрқайсың бұдан тәжірибе жинайсыңдар. Бастаған дайындықты тастамай, қалыптасқан дағды мен әдісті жетілдіру қашанда маңызды, – деді министрдің орынбасары.

 Кілең мықтылар арасында өткен жарыста Әуе қорғанысы күштерінің командасы алтын олжалады, «күміс» – «Оңтүстік» ӨңҚ, «қола» – «Шығыс» ӨңҚ бұйырды. 

– Үстел теннисінен Қарулы күштер чемпионатын алғаш рет өткіздік. Бұған дейін мұндай сайыс әскерлерде және министрліктің орталық аппараты бөлімшелерінің арасында өткен болатын. Бұл жаңа деңгей қатысушыларға қарсыластарының қаншалықты дайын екенін білуге мүмкіндік берді. Чемпионатта тартысты партиялар мен спортшылардың шыныққандығын көрдік, – деп атап өтті жарыстың бас төрешісі Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.

Ерлер арасында жеке есепте Әуе қорғанысы күштерінің жауынгері сержант Жовахир Жораев үздік деп танылды, екінші орында – «Оңтүстік» ӨңҚ офицері капитан Тоқтар Секенов, үшінші орында – «Шығыс» ӨңҚ офицері капитан Архат Асқаров. 

Әйелдер арасында «Шығыс» ӨңҚ әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Құндыз Жұмықбаева үздік ракетка атанса, Әуе қорғанысы күштерінің намысын қорғаған сержант Шынар Әбдірахманова – күміс, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің атынан шыққан қатардағы жауынгер Арзығүл Исламова қола жүлде иеленді. 

Одан бөлек, «Үздік техника» номинациясын ерлер арасында «Оңтүстік» ӨңҚ офицері капитан Тоқтар Секенов және әйелдер арасында «Шығыс» ӨңҚ қатардағы жауынгер Құндыз Жұмықбаева еншілесе, ал «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы «Батыс» ӨңҚ әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Рустам Ахметов пен «Оңтүстік» ӨңҚ намысын қорғаған сержант Әлия Қамбаровға берілді. 

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.