Қорғаныс министрінің Жаңа жылмен құттықтау сөзі

Қорғаныс министрінің Жаңа жылмен құттықтау сөзі

Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар!
Қадірлі отандастар!

Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Өтіп бара жатқан жыл Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған маңызды оқиғалармен және шешімдермен ерекшеленді.
Бұл стратегиялық міндетті орындауға елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін Қарулы күштер де елеулі үлес қосты.  
Біз Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштердің алдына қойған міндеттерін іске асыруды жалғастырудамыз. Президенттің басшылығымен Бүкілармиялық кеңес және «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оның қорытындысы бойынша Қарулы күштерді одан әрі дамытуға, әскерлер мен әскери басқару органдарының дайындық жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Шет елдерде БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларын орындау кезінде, оқу-жаттығуларда, оның ішінде халықаралық деңгейдегі жаттығулар мен жарыстарда қазақстандық жауынгерлер үнемі жоғары кәсіби шеберлігін, табандылығы мен батылдығын көрсетті. 
Өз кезегінде мемлекет қорғаныс ведомствосына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Әскери қызметшінің әлеуметтік мәртебесі мен әскери қызметтің беделін нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылуда. Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамалары дәйекті түрде іске асып жатыр.
Жаңа жыл қарсаңында Қарулы күштердің жеке құрамына алғысымды білдіремін. Сіздерге шын жүректен мол бақыт, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, өркендеу және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Жаңа 2024 жыл құтты болсын!