Әскери госпиталь мен колледж арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Әскери госпиталь мен колледж арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі мен Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжі өзара ынтымақтастық және «Жас дәрігер» әскери-патриоттық клубын құру туралы меморандумға қол қойды.  

Шарттың негізгі мақсаты – жастардың бастамаларына қолдау көрсету, бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық іс-шараларға кеңінен тарту.

ҚР Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің бастығы медицина қызметінің подполковнигі Асқар Рысбаев әскери-патриоттық клубтар жастардың бос уақытын ұйымдастыру үшін маңызды әлеуметтік-педагогикалық негіз болып табылатынын атап өтті.

– Клубқа он бес студент қосылды. Біз оларға алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйретеміз. Бұл білім олардың өмірінде пайдалы болуы мүмкін, – деді ол. 

Кездесу барысында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Олардың қатарында кездесулер, спорттық іс-шаралар, түрлі конференциялар, семинарлар мен конкурстар өткізу бар.

Бүгінгі таңда ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларындағы орта оқу орындарының базасында үш «Жас дәрігер» әскери-патриоттық клубын ашты. Онда әскери дәрігерлер оқушыларға әскери-медициналық даярлық негіздерін үйретеді.