
Бүгін Қазақстанның әскери заңгерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Атаулы күн 1996 жылы 30 қарашада Қорғаныс министрінің директивасымен қорғаныс ведомствосының құрылымында заң қызметінің құрылуымен тікелей байланысты.
Қарулы күштерді барлық сала мен бағытты қамтитын құқықтық қызметтің қолдауынсыз елестету мүмкін емес. Заң қызметінің мамандары мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту, тәуекелдердің алдын алу, армияның, қоғамның және мемлекеттің, оның ішінде әскери халықаралық құқық саласындағы өмірлік маңызды мүдделеріне төнетін қауіп-қатерлерді жою жөніндегі міндеттерді шешеді.
Әскери заңгерлердің құзыретіне нормативтік құқықтық актілер жобаларының заң нормаларына сәйкестігін тексеру, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің мүдделерін сот органдарында білдіру, қорғаныс ведомствосының әскерлері мен мекемелерінде түсіндіру және кеңес беру жұмысын жүргізу кіреді.
Заң департаментінің мамандары әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін, азаматтық персоналды және әскери қызметтен босатылған адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша актілердің жобаларын заңды түрде және заңға сәйкес әзірлеуге қатысады.
Заң жобаларын құқықтық қолдау қызметі мамандарының қажырлы еңбегі бірқатар заңдардың қабылдануына ықпал етті. Бұл ретте әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, әскери қызмет өткеру мәселелері реттелді. Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жалпыәскери жарғылары, әскери киім нысаны және әскери қызметшілердің айырым белгілері бекітілді.
Әскери заңгерлер дайындаған Үкімет қаулысынан кейін ҚР Қорғаныс министрлігі туралы ереже бекітілді. Қазіргі уақытта Парламентте олар әзірлеген «Резервтегі әскери қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр.
Әскери борышқа адалдық, кәсіби білім, талдау қабілеті және құқық нормаларын мүлтіксіз ұстану – бұның бәрі әскери заңгерлерге Қарулы күштердің қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласында қойылған міндеттерді ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді.