
Қорғаныс министрлігі Композиторлар одағымен бірлесіп алғаш рет Қазақстанның Қарулы Күштері үшін мемлекеттік тілде авторлар мен композиторлар арасында әскери музыка байқауын ұйымдастырып отыр.
Байқау қазақстандық ақындар мен композиторлардың шығармашылық шабытын арттыруға ықпал етеді. Авторлардың аудиториясын кеңейте отырып, ұйымдастырушылар тарапы әскери-патриоттық тақырыптағы шығармаларды көбейтіп, сапасын арттыруды көздеп отыр.
Авторлар мен композиторлар біріншілігі үш номинация бойынша ұйымдастырылады: әскери-патриоттық әндер (саптық, әскер түрлеріне арналған, имидждік әндер), әскери оркестрлерге арналған аспаптық музыка (марштық және үрмелі оркестрлерге арналған әуендер), әскери ансамбльдердің би ұжымдарына арналған музыкалық шығармалар (әскери билер).
Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған, жаңа, түпнұсқасы бар және орындалмаған туындыны ұсынған автор қатыса алады. Бір қатысушы өзінің музыкалық шығармаларын бір уақытта бірнеше номинация бойынша ұсына алады.
Кәсіби қазылар алқасына үздік туынды ұсынған қатысушы Қорғаныс министрінің атынан Гран-при иеленеді. Байқау ережелеріне сәйкес әр номинацияда үш лауреат және екі дипломант айқындалатын болады.
Байқау комиссиясы биылғы жылдың бірінші желтоқсанына дейін Астана қаласы, Республика даңғылы, 2-үй мекенжайы, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы (Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі), 8 778 962 17 58, 8 (7172) 71 40 17 анықтама телефондары және e-mail: militarymusic-2023@mail.ru бойынша музыкалық шығармаларды қабылдайды.