Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында БҰҰ әскери бақылаушыларын даярлау жөніндегі пилоттық курс басталды

Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында БҰҰ әскери бақылаушыларын даярлау жөніндегі пилоттық курс басталды

Бұған дейін Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына әскери бақылаушы ретінде қатысуға даярлауды шетелде шетелдік мамандар жүргізетін.

Бұл жолы нұсқаушылар құрамы әзірлеген курстың үш апталық бағдарламасы Бітімгерлік операциялар орталығының базасында апробациядан, әрі бағалаудан өтуі тиіс.

– Алдағы уақытта біз курсты бағалау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшыларын шақыруды жоспарлап отырмыз, – дейді орталықтың аға офицері, оқытушы майор Айбар Ақтөреев. – Егер бағдарлама мақұлданып, курс аккредиттеуден өтер болса, бұл бізге Бітімгерлік операциялар орталығының базасында халықаралық деңгейдегі сертификатталған әскери бақылаушыларды даярлауға мүмкіндік береді.

Аталған курс бағдарламасы офицерлердің әскери бақылаушы ретінде бітімгерлік міндеттерін сәтті орындауға дайындығын қамтамасыз ететін пәндердің тұтас кешенін қарастырады.

Әскери қызметшілер бітімгерлік қызметті, әскери бақылаушының мәртебесі мен міндеттерін, оның дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін реттейтін халықаралық заңнаманы, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысушы тараптармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруды жан-жақты зерделейді.

Практикалық сабақтар барысында әскери қызметшілер әр түрлі жер рельефтері мен ауа-райы жағдайларында қорабы механикалық жол талғамайтын көліктерді жүргізіп, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды табу және жаралыларды мина алаңынан эвакуациялау міндеттерін пысықтау дағдыларын бекіту қажет.

Сондай-ақ болашақ әскери бақылаушылар медициналық дайындық, қолайсыз климаттық жағдайлардан аман қалу бойынша практикалық сабақтардан өтіп, шабуыл, торуыл, кепілге алу кезіндегі іс-қимыл алгоритмін пысықтайды.

Оқыту курсының қорытындысы бақылау-кешенді оқу-жаттығуы болмақ. Онда тыңдаушылар БҰҰ әскери байқаушыларының бітімгерлік міндеттер кешенін орындап, оларды іске асырудың түрлі тәсілдерін қолданады. Бұл ретте әскери қызметшілердің стандартты емес түрлі жағдайларда шебер әрекет ету және күрделі әрі күрт өзгеретін ахуалда бақылау жүргізу қабілеті тексерілетін болады.