Десанттық-шабуылдау әскерлерінде лейтенанттардың жиыны аяқталды

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде лейтенанттардың жиыны аяқталды

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Іле» оқу орталығында әскери оқу орындары мен азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын бітірген лейтенанттардың жиыны аяқталды.

Көп ұзамай Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатарын толықтыратын  жас офицерлер бөлімшелерді басқаруға кіріспес бұрын әскери қызметтің негізгі принципін игеруі керек.

Бір ай ішінде жас лейтенанттар атыс, инженерлік және тактикалық дайындықтағы, жауынгерлік техниканы жүргізудегі білімі мен дағды деңгейін арттырып, қаржылық сауаттылық, әскери медицина, әскерлердің күнделікті қызметін басқару негіздерін және басқа да пәндерді зерделеді.

 – Мен үшін жиындар нәтижелі болды деп айта аламын. Бұл жерде әскери кафедрада оқытпаған взводты қалай басқару және жеке құрамды қалай оқыту керектігі туралы білдім. Жауынгерлік техника мен штаттық қару-жарақты игеруге көп уақыт бөлінді, – дейді Халық шаруашылығы университетінің түлегі, лейтенант Әлішер Есгенов.

Жиынның тағы ерекшелігі әскери жоғары оқу орындарының түлектерімен қатар әскери кафедраны бітірген запастағы офицерлердің көптеп шақырылуында болып отыр.

– Жиынға 90-нан астам жас лейтенант тартылды. Оның отызы Қазақстан әскери жоғары оқу орындарының түлегі. Екі офицер Ресей Федерациясының әскери оқу орнын бітірген. Елуден астамы азаматтық жоғары оқу орындарын бітірген соң Десанттық-шабуылдау әскерлеріне шақырылған офицерлер. Жиынға қатысушылардың әртектігі мен әкімшіліктің кәсіби дайындығындағы айырмашылыққа қарамастан, олқылықтардың орнын толтырып, білім алушылардың бойында тұрақты әскери және рухани құндылықтарды қалыптастыруға қол жеткізілді, – дейді жас лейтенанттар жиынының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Бауыржан Әлжанов.

Әскери пәндерді оқытудан бөлек, әр офицердің отбасылық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да зерделеніп, психологиялық тестілеу өткізілді.

Жиынды қорытындылаған Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев офицерлермен әңгімелесу өткізді. Олардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, жиын дайындығын жетілдіру бойынша ұсыныстарды қойын дәптеріне түртіп алды.

– Сіздер ең маңыздысы Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет етудің оңай еместігін, бірақ үлкен бедел екенін түсінулеріңіз керек. Біздің әскерлер – Қазақстан армиясының элитасы. Бүгін сіздер де үлкен десанттық бауырластықтың бір бөлігіне айналдыңыздар. Бағынышты жеке құрамның өмірі, денсаулығы және дайындығы взвод командирлеріне сеніп тапсырылады. Егерде осы жиындарда алған білімдеріңіз бен дағдыларыңызды алғашқы күннен әскери қызмет процесінде қолданатын болсаңыздар, болашақта командир деген атқа лайықты бола аласыздар деген сенімдемін, – деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Жиын соңында жас лейтенанттардың бәрі алғаш рет парашютпен секірді.