Астанада запастағы әскери міндеттілердің жиыны өтуде

Астанада запастағы әскери міндеттілердің жиыны өтуде

Жоспарлы әскери жиынға елорда тұрғындары арасынан запастағы әскери міндеттілер тартылды.

Жоспарлы түрде өткізілетін әскери жиын қыркүйектің 12-і басталып, 21-не дейін жалғасады. Астананың қорғаныс істері жөніндегі департаментінен 99255 әскери бөліміне 78 әскери міндетті аттанды.

Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов жиын барысында әскери міндеттілер барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілетінін айтты.

– Әскери жиын кезінде олардың орташа жалақысы сақталады, ал сабақ бағдарламасын жақсы үйренген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілетін болады.

Әскери міндетті Тілеуқабыл Әбуталапов 2015 жылы Қарағанды қаласындағы әскери-техникалық мектепті бітіріп, 7 жылдан соң бір кездегі дағдыларын еске түсіріп жатыр.

– Әрбір ер азамат әскердің сынағынан өтуге міндетті, – дейді жиынға қатысушы. – Бұл мемлекетке ғана емес, әрқайсымызға қажет. Біз кез келген уақытта Отанды қорғауға дайын болуымыз керек.

Запастағы әскери міндеттілермен он күн ішінде «Ротаны арнайы өрістетуді жүргізу», «Жауынгерлік үйлестіруді жүргізу», «Объектілерді күзету мен қорғауды ұйымдастыру», «Диверсиялық топтармен күрес жүргізу» сияқты тақырыптарда сабақтар өткізіледі.

Қолданыстағы заң төңірегінде әскери міндеттілердің жиыны кезеңінде жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.