
Генералдар мен офицер мырзалар, сержанттар мен сарбаздар!
Сіздерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жарты жылдан соң құрылды. 1992 жылғы 7 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштерді құру туралы жарлыққа қол қойды.
Осы мемлекеттік мереке ерліктің, айбындылықтың, Отанға шексіз адал қызмет етудің нышаны болды. Сіздер еліміздің жоғары басшылығының ерекше назар аударуының және мемлекеттің қолдауының арқасында бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштерінің қазіргі заманғы, жауынгерлік қабілетті және қуатты Армия болып қалыптасуының куәсі болып отырсыздар.
Біз сіздермен бірге жаңа әдістерді қолдана отырып, ондаған командалық-штабтық оқу-жаттығу мен жаттықтыру өткіздік. Жедел даярлық маңызды іс-шараларының бірі ел Президенті – Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының қатысуымен өткен «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы болды.
Контингенттеріміз шетелде өткен әртүрлі оқу-жаттығуға қатысып, ел аумағында бірлескен іс-шаралар өткізді. Армиялық халықаралық ойындарға да ерекше назар аударылуда, онда 39 қатысушы мемлекет арасында Қазақстан армиясы артиллеристердің, байланыс бөлімшелері мен ҰҰА (БПЛА) бөлімшелерінің жарыстарында бірінші орындарға ие болды. Армиялық қоян-қолтық күрестен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша біздің спортшыларымыз 17 медальға (оның ішінде 4 алтын, 5 күміс және 8 қола) және 27 қатысушы ел арасында жалпыкомандалық екінші орынға ие болды.
Біз бітімгершілік қызметте де сапалы қадам жасадық. Қазіргі заманғы Қарулы Күштер тарихында біз алғаш рет «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысу үшін Ливан Республикасына дербес бітімгершілік бөлімшені жібердік. Мен барлықтарыңызға Иракта, Тәжікстанда Ауғанстанмен шекарада, Кот-д-Ивуарда, Батыс Сахарада және Непалда бірқатар миссияларды орындауға қатысқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін.
Арыс қаласындағы жарылыс салдарын жою және әскери қалашық инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін сіздер қосқан үлес те шексіз.
Биылғы жылы біз Отан қорғаушы күнін ерекше жағдайда атап өтеміз. Ел тарихында алғаш рет бүкіл адамзаттың өміріне көп өзгеріс әкелген, көрінбейтін қатер ретінде тарихта қалатын вирусқа қарсы тұру үшін төтенше жағдай енгізілді.
Мыңдаған әскери қызметші коронавирустың таралуын болдырмау бойынша қажетті шараларды қамтамасыз ете отырып, өз борышын абыроймен орындауда. Сонымен қатар, біздің көптеген қызметтестеріміз жарғыларда, лауазымдық нұсқаулықтарда жазылмаған міндеттерді де орындайды. Олар өз өмірін қатерге тіге отырып, бұны ешкімге жарияламай орындайды, халықты барлық қауіп-қатерден қорғай отырып, бұл іске жоғары жауапкершілікпен қарайды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бəрін жеңеді» деген мақаласында «Ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің негізгі бөлігі» деп атап өтті.
Қарулы Күштердің әскери қызметшілері елімізде мыңдаған объекті мен ондаған миллион шаршы метр аумақты дезинфекциялауда, блок-бекеттерде қызмет атқаруда, патрульдеуді жүргізуде, жүздеген отандасымызды эвакуациялады және шет елден гуманитарлық көмек жеткізді. Қауіп-қатерге қарсы тұруда жоғары әзірлік деңгейін көрсеткен барлық әскери-медициналық мекемелер тартылды.
Жүздеген әскери қызметшінің мыңдаған километрді артта тастап, өз үйінен шалғайда, далалық жағдайда қызмет атқаруда екенін ерекше атап өтемін.
Осы қиын кезеңде біздің жауынгерлеріміздің жоғары кәсіби шеберлік, өз борышына адал болу, әскери жолдастық, өзара қолдау көрсету сияқты қасиеттері айқын көрінді. Бұл – қарапайым адамдар үшін ауыр сынақ, әскери қызметшілер үшін – кезекті жаттықтыру.
Қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде осы қиын уақытта мыңдаған жастың ерікті түрде арнаулы жиынға шақырылып, ел, халық мүддесі үшін әскери қызметші болуға ниет білдіргенін мақтан тұтамын. Қазақстан халқы өзінің бірлігі мықты екенін тағы да көрсетті.
Əрқайсыңыздың туған-туысыңыз сізге үлкен қолдау көрсетуде. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелері – олардың сенімді тірегі, мықты тылы, олар да зор құрметке лайық.
Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Шындығына келгенде біз мүлдем жаңа жаһандық әлем алдында тұрмыз. Қазақстан одан өзінің лайықты орнын табуға тиіс» деп атап өтті.
Алдымызда әлі де көп сынақ бар, әлі талай біздің мықтылығымыз, төзімділігіміз сыналады. Біз оларды абыроймен еңсеріп, кез келген қатерге қарсы тұруға әрқашан дайын болатынымызға сенімдімін.
Қымбатты қызметтестер!
Сіздерді және сіздердің отбасыларыңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жақсылық, ұлан байтақ даламыз – Отанымыздың өркендеуі жолындағы қызметіңізге толағай табыс тілеймін.