Əскери ұшқыш курсанттар жауынгерлік техниканы басқару бойынша емтихан тапсырды

Əскери ұшқыш курсанттар жауынгерлік техниканы басқару бойынша емтихан тапсырды

Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бітіруші курс курсанттары жауынгерлік техниканы басқару бойынша мемлекеттік емтихан тапсырды.

Аталмыш институтта ұшқыш мамандығын меңгеріп жатқан курсанттар жарты жылдан кейін салтанатты түрде дипломдарын қолдарына алады, сондай-ақ, офицер атағына ие болып, еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің қатарын толықтырады. Курсанттардың әрбірі бұл күнді асыға күтетіні сөзсіз, ал әзірге олар Ақтөбе қаласының әуе айлағында Ми-8 тікұшақтарында кəсіби дағдыларын жетілдіріп, ұшу машықтарын үйренуде. Төтенше жағдай кезеңінде тұрақты ұшулар жоспарға сәйкес және барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып орындалады. Ұшу алдында және аяқталғаннан кейін техника дезинфекциялық ерітіндімен өңделіп, сонымен қатар, курсанттар дəрістер мен тікұшақтардың кабинасында бетперде киеді.

Тәжірибелі нұсқаушылар майор Нұрғанат Бөйенбаев пен капитан Рүстем Жайлыбаев өткізетін ұшу алдындағы дайындық сабақтарында курсанттар қажетті мәліметтерді тіркеп, шұғыл түрде есеп жүргізеді. Мұнда барлығын жіті қадағалау өте маңызды саналады. Сол себепті жердегі дайындық сағаттары тікұшақты басқарудан кейін жүргізілген сағаттардың санынан екі, үш есе артық болып табылады.

 Емтихан барысында курсант Руслан Істеков барлығынан жақсы нәтиже көрсетті. Ол ұшудан қонуға дейінгі барлық элементтерді бірыңғай ескертусіз орындады. 

«Барлық курсанттар жақсы ұшты. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, барлығы тез бағдарланып, желге түзету жасап, жақсы нәтиже көрсетті», - дейді нұсқаушы подполковник Қайрат Тұрғымбаев.

Қазіргі таңда Балқаш қаласының оқу-авиациялық орталығында Майдан авиациясы факультетінің бітіру курсының 14 курсанты бар. Олар оқу ұшағының ұшу дағдыларын пысықтап болғаннан кейін, жақын арада мемлекеттік емтихан тапсыруға кіріседі.