
Қазақстан Әскери-әуе күштерінің С-295 әскери-көлік ұшағы Алматы облысындағы Жетіген әскери аэродромына қонды.
Жоспарлы тапсырманы орындау барысында ұшақтың алдыңғы шасси тағаны істен шыққан. Экипаж командирі майор Жеңіс Зайнулдинов - ұшу уақыты 1700 cағаттан асқан 1-сыныпты ұшқыш, командир көмекшісі - капитан Абылай Ыбыраев, сонымен бірге борт-инженері - майор Карим Пахирдинов ақауды жою үшін барлық қажетті шаралар қолданған.
Экипаж төтенше жағдайда сауатты әрекет етті. Ұшқыштар ұшақты алдыңғы қону қондырғысыз жерге қондырды. Ұшақта экипаж мүшелерінен басқа жолаушылар болған жоқ.
Борттың қонуын қамтамасыз ететін жердегі қызметтер де кәсіби түрде әрекет етті. Ұшақтың қонғанға дейін ұшу-қону жолағы көбікпен өңделді.
Әуе кемесі жұмысының техникалық ақауларының себептері анықталатын болады. Қазіргі уақытта Жетігенге авиациялық оқиғаны тергеу жұмыстарына арнайы комиссия аттанды.