Армиялық тактикалық атыстың үздіктері анықталды

Армиялық тактикалық атыстың үздіктері анықталды

Алматы облысында 61993 әскери бөлімінің «Іле» оқу-жаттығу полигонында ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының басшылығымен армиялық тактикалық атыс бойынша кіріспе оқу курсы өтті.

Оған ел Қарулы күштерінің түрлі бөлімшелерінен 52 әскери қызметші қатысты.

– Әскери тактикалық атыс сабақтарында әскери қызметшілер қалалық жерде ұрыс жүргізу дағдыларын жетілдіреді. Біз әзірлеген курс әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған. Олар кез келген жағдайда: жүріп те, тұрып та, тізерлеп отырып та қозғалып бара жатқан нысандарды атуға қабілетті болуы керек, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.

Курс қорытындысы бойынша үздік атқыштар анықталды. Ер әскери қызметшілер арасында бірінші орынды – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғаған сержант Ержан Еслямов, екінші орынды – Әскери полиция бас басқармасының офицері майор Есбол Қаңлыбаев, үшінші орынды – Құрлық әскерлері әскери институтының өкілі майор Дәурен Нұрсейітов олжалады.

Әйелдер арасында аға лейтенант Жанел Серікбаева үздік нәтиже көрсетті. Екінші орында – сержант Диана Харченко, үшінші орында – аға сержант Ольга Важнина. Олардың барлығы ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының намысын қорғады.

Курс аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.