
Елордада музыка мен бейбітшіліктің мерекесі болған әскери оркестрлердің "Астана – мәдениет керуені" I Халықаралық музыкалық фестивалі аяқталды.
"Барыс Арена" мұз айдыны сарайында өткен гала-концерт жеті мыңнан астам көрерменді жинады. Қорытынды концертке Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Концерт көрерменді қазақ хандығы дәуіріне алып баратын қойылымнан басталды. LED-экранда ұлттық нақыштағы ою-өрнек, қалқан, шаңырақ және петроглифтер пайда болды. Бұл белгілер мен элементтердің бәрі де Ұлы даланы мекендеген қазақ халқы үшін ежелден ерекше мағынаға ие. Экрандағы қалықтаған алтын бүркіт бостандыққа деген ұмтылыс, туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіреді.
Келесі кезекте сахнада барабаншылар, қазақ батырлары мен ұлттық костюмдер киген бишілер пайда болды.
Келесі кезекте нөмір Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі құрметті қарауыл ротасының дефилесіне ауыстырылды. Оның әскери қызметшілері "25" саны мен "Астана" сөзі бар сағатты бейнеледі.
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрінің, Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің, Қазақстан Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілім оркестрінің, Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония армиялары әскери оркестрлерін көрермендер айрықша құрметпен қарсы алды.
Көрермендер көңілі бір сәт дирижерге асыққан қызға тоқталды. Ол дирижердің таяқшасын апарып берген-ді. Жұрт сүйсініп қошемет көрсетті.
Қазақстан Қарулы күштерінің Бас әскери дирижері "Құрмет" орденінің иегері майор Алмас Ибрагимов бес жүз музыкантқа белгі берді.
ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншісі Дәурен Төлеубаев, біріккен хор және әскери оркестр Қазақстанның әнұранын салтанатты түрде орындап шықты.
Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің қазақ халық өнерінің інжу-маржаны саналатын "Япырай" лирикалық әнін айтуы ерекше әсер қалдырды.
Прологта Астанаға арналған "Мерейтойлық марш" өтті. Жұртшылық ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің әлемге әйгілі Майкл Джексон мен Лионель Ричидің танымал әні We are the world-тың орындалуын қуана қабылдады.
Плац-концерт кезінде фестивальге қатысушы әр оркестрдің қойылымы кезінде сол елдің желбіреген туы мен оның көрікті жерлері ЛЭД-экранда көрсетілді.
Әзербайжаннан келген Гейдар Әлиев атындағы Әскери институттың оркестрі көрермендерге Хасан Аббасгулиевтің "Байраг маршын" және Руфат Ахундзаданың "Жеңіс маршы" көпшілікке тарту етті. Көрермендер шуақты Әзербайжаннан келген қонақтарды шын жүректен қарсы алды. Олар музыкалық материалды жақсы меңгеруімен, ерекше стилистикасымен және шығыстық коларитімен ерекшеленді.
Чжен Лючэннің "Қытай халық азат ету армиясының маршы" өз өнерін орта патшалықтан келген музыканттар бастады. Олардың орындауында Цю Юньюдің "Флот маршы", Ли Чанның аранжировкасындағы "Жастар биі", Ван Синнің "Отанына Ода" орындалды. Ли Сюйхао ұйымдастырған "Алишаннан келген қыз" әнінің жеке орындалуы көрермендердің көңілінен шықты. Шу Юнганның аранжировкасында "Ат жарысы" атты шығарманы ойнаған қытайлық аккордеоншы да ерекше қошеметке ие болды. Ол көрермендерді аспаптың экспрессиясымен және шебер орындаушылығымен баурап алды.
Үндістанның Әскери-әуе күштері оркестрінің музыканттары да керемет өнер көрсетті, олар аспан түстес көйлекпен, балағы ақ, қою көк түсті шалбарларымен ерекшеленді. Үнділер өзіндік орындау ерекшелігімен, қозғалыс синхрондылығымен және музыкалық туындыны сезініп орындауымен көрермендерді таң қалдырды.
Аппақ костюм Жапонияның "Токио тобы" Өзін-өзі қорғау теңіз күштері оркестрінің музыканттарын ерекшелеп тұрды. Мұндай киім үлгісі оларды айрықша паңдықпен және әсемдікпен көрсетті. Гала-концертте күншығыс елінің өкілдері Sea, Furusato, Warship March, Festal Scenes композицияларын орындап, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты.
Қазақстан Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілім оркестрі көрермендерге Әділ Бестібаевтың "Жорға", "Алаш" тобының "Батырлар ұраны" және Ерболат Құдайбергеновтің "Мен қазақпын" шығармаларын тарту етті. Рухты көтеретін әуендерге ризашылық білдірген тыңдаушылар қошеметтерін аямады.
Ресей Федерациясы Батыс әскери округі 23-ші әскери оркестрінің музыканттары да өздеріне тән ерекшелікпен көрермендерді баурап алды. Ресейден келген музыкалық ұжым Семен Чернецкийдің "Марш Лениградских гвардейских стрелковых дивизий", Никита Ладыжниковтың "Эстрадная фантазия на темы песен об армии и флоте", Василий Соловьев-Григорий Велконың "Крейсер Аврора", П. Степановтың "Соло для ударных инструментов"
композицияларын орындады. Соңғы нөмірде қазақтың халық әні "Қамажай" орындалып, көпшілік оны ризашылықпен қабылдады.
Түркия Республикасы Ұлттық қорғаныс министрлігі "Мехтеран" әскери оркестрінің өнер көрсетуі Қазақстан жұртшылығы үшін тамаша жаңалық болды. Олар өздерінің ұлттық сарындағы әуезділігімен және керемет мақамымен сүйсіндірді. Музыканттар бір сәт XIV ғасыр дәуіріне қадам басқандай сезілді. Түрлі-түсті кафтандар, ерекше бас киімдер, көне сауыт-саймандар және әскери марштардың ерекше орындалуы олардың өнерін ұмытылмас етті. Түрік музыканттары Исмаил Хаккы Бейдің "Марш Тэкбир мен Дженк", Әли Рызы Бейдің "Марш Орду" және "Марш Хюджум" әндерін шырқады.
Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің Орталық ән-би ансамблі мен Орталық әскери оркестрінің әртістері өзбек халқының әуенінің тартымды ырғағымен жиналған қауымды тәнті етті. Риза болған көрермендер бауырлас елді қошемет көрсетіп қолдады.
"Жас сарбаз" балалар студиясының, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің, біріккен хоры мен оркестр солистерінің орындауындағы We are the world әні өте әсерлі шырқалды.
Соңында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов осындай тамаша концертке қатысушыларды құттықтап, шетелдік қонақтарға марапаттар табыс етті.
– Қазақстан – салт-дәстүрге бай, бейбіт ел. Бұл күндері Елордамыз әлем мәдениетін жинай алатын әсем орталыққа айналды. Бізге әр елден түрлі ұжымдар, талантты музыканттар мен әншілер келді. Бүгінгі фестиваль дәстүрге айналып, достық, ынтымақтастық пен татулық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын, – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.
Шара Орталық ансамбль, біріккен хор және оркестр солистері Қайрат Баекеновтың орындауындағы "Астана" әнінің шырқалуымен аяқталды.