
Құрметті генералдар мен офицерлер, сержанттар мен сарбаздар!
Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Астана күні – мемлекеттік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт мақтанышы елорда – Тәуелсіздіктің темірқазығы, азаттықтың алтын тәжі.
Бүгінде бас қаламыз бірегей сәулеттік келбеті бар ірі саяси, экономикалық, мәдени және білім беру орталығына айналды.
Еуропалық сән мен қазақы сымбат қатар өрілген кешендер мен теңдессіз ғимараттар түрлі өркениеттердің сәтті табысуы іспетті. Әлемге аты әйгілі сәулеткерлердің небір үздік жобалары Сарыарқа төсінде жүзеге асып, халықтың көз қуанышына айналды.
Елорда – мемлекеттің мерейі, ұлттың келбеті.
Әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын Алты Алаштың ару Астанасына төрткүл дүние тамсанады. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы – жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық.
Астана күні – әрбір қазақстандық үшін маңызды қоғамдық-саяси мәнге ие жалпыхалықтық мереке. Қазақстанды мекен еткен барша ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігінің кепілі.
Бүгінгі мерейлі мерекеде барша отандастарымызға амандық, мықты денсаулық, бейбіт аспан тілеймін!