
Үндістаннан келген әскери музыканттар әскери оркестрлердің «Астана – мәдениет керуені» I халықаралық әскери-музыкалық фестивалі аясында Астананың орталық саябағында өтетін қойылымға қатысады.
Салтанатты іс-шараларды сүйемелдеу мақсатында құрылған Оңтүстік Азия еліндегі әскери оркестрлер бай дәстүрге ие. Олар үнді және батыс музыкасы үлгілерін қамтитын репертуардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Алғашқы ұжым 1944 жылы Үндістанның солтүстік-батыс шекарасындағы Кохатта құрылған болатын. Бүгінде Әскери-әуе күштерінің тоғыз оркестрі жұмыс істейді.
Үндістан Әскери-әуе күштерінің біріккен оркестрін Үндістан армиясының өзге де оркестрлері сияқты екпінді, ішекті, мыс және ағаш үрмелі аспаптардың ерекше жиынтығы деуге болады.
Мұндай топтардың репертуары еуропалық музыкалық мәдениет үшін дәстүрлі. Салтанатты марш музыкасынан бөлек, оған классикалық жанрдағы симфониялар мен увертюралар кіреді. Бірақ үнді әскери музыканттары үнді классикалық музыкасына тән ұлттық аспаптарды да пайдаланады. Соның арқасында музыкалық ұжымдар ұлттық болмысы мен өзіндік ерекшелігін сақтаған.
Оркестрлерде әдетте еуропалық тромбондар, цимбалдар, кернейлер мен сузафондар, сондай-ақ ситар мен сарод сияқты классикалық үнді музыкалық аспаптары бар. Олардың киім үлгісі де қарапайым формамен салыстырғанда өзінің әсемдігімен ерекшеленеді.
Үндістандағы әскери музыканың сан ғасырлық тарихы бар. Ежелгі заманнан әскери марштар тәртіпті нығайтып, ұрыста жауынгерлердің рухын көтеріп келеді. Музыканттар әскери жеңістер мен ұлттық мерекелердің белсенді қатысушысы болғаны аян. Нью-Делидегі жыл сайынғы Республика күніне арналған шеру кезінде әскери оркестрлер әрқашан көпшіліктің назарында болып, астаналық көрерменнің қызығушылығын тудырады.
Естеріңізге сала кетейік, 6-8 шілде аралығында қаланың түрлі алаңдарында Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары өнер көрсетеді. Пәкістан делегациясы байқаушы ретінде келеді.