Астанада 500-ден аса музыканттың басын қосатын халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтпек

Астанада 500-ден аса музыканттың басын қосатын халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтпек

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрлігінің брифингі өтті. Онда БАҚ өкілдерін «Астана – мәдениет керуені» I Халықаралық әскери-музыкалық әскери оркестрлер фестивалінің бағдарламасымен және басқа да ерекшеліктерімен таныстырды.

Оған Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев және Қорғаныс министрлігі аппараты басшысының орынбасары полковник Төлеген Бөлежанов қатысты.

Қорғаныс министрлігі елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырып отырған бұл шара бейбітшілік, ынтымақтастық және тату көршілік идеяларын ілгерілетуге арналған.

– Астана – Қазақстанның жетістіктерінің жарқын көрінісі. Бұл мереке –  әрбір қазақстандық үшін қоғамдық-саяси тұрғыда шын мәнінде маңызды және жалпыхалықтық мейрам, – деп атап өтті департамент бастығы Тілеухан Басқожаев.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері фестивальге Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония Қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары қатысатынын хабарлады. Бақылаушылар ретінде Астанаға Пәкістан қорғаныс ведомствосының делегациясы келеді.

Халықаралық фестивальге Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі және Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі қатысады.

– Аталған фестиваль мемлекеттер мәдениеті арасындағы қарым-қатынас пен түсіністік алаңына айналатынына сенімдімін. Мұндай айтулы шара елдердің достық пен өзара ықыласты нығайтуға өз үлесін қосады. Музыкалық ұжымдарға ризашылық білдіретін жаңа тыңдаушылар мен жанкүйерлер табуға мүмкіндік береді, – деді әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

Оркестрлердің қойылымдары алтыншы шілдеден сегізінші шілдеге дейін өтеді. Фестиваль 19.30-да Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатрда ашылады. Онда барлық қатысушы 20 минуттық қойылыммен шығатын Band Marathon болады. Жетінші шілдеде сағат 20-да «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы және Орталық саябақта музыкалық ұжымдардың өнерін тамашалауға болады. Осындай шаралар сегізінші шілдеде сағат 12-де «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында басталып, гала-концертпен аяқталады.

– Мұндай ауқымдағы орындаушыларды күнде көре алмаймыз. Сондықтан бұл музыкалық форум еліміздің және астанамыздың мәдени өміріндегі жарқын көрініс боларына еш күмән жоқ. Әлемнің музыкалық фестивальдері – бұл жер бетіндегі жүздеген мың жанкүйерлер мен жанды әуенді сүйетіндерді баурайтын әлемдік шара, – деп атап өтті полковник Төлеген Бөлежанов.

Брифингте бұл музыкалық мереке еліміздің мәдени және қоғамдық өмірінің айрықша көрік береді деп атап өтті. Фестивальге қатысушылардың алған тәжірибесі бір-бірінің ерекшеліктерін жақсы білуге, олардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге, басқа елдердің орындаушылық мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді.