Халықаралық әскери оркестрлер фестивалінде «Әлия» әні шырқалады

Халықаралық әскери оркестрлер фестивалінде «Әлия» әні шырқалады

Әскери оркестрлердің «Астана – мәдениет керуені» I халықаралық әскери-музыкалық фестиваліне қатысу үшін Ресей Федерациясы Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрі елордаға келді.

Оркестр «Виват, Санкт-Петербург!» халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне тұрақты түрде қатысып келеді. Олар Австрия, Германия, Голландия, Испания, Лихтенштейн, Кипр, Финляндия, Франция, Қытай, Швеция және Швейцария мемлекеттерінде сәтті өнер көрсеткен.

Делегацияны Батыс әскери округі штабы әскери-оркестрлік қызметінің бастығы подполковник Павел Гернец, оркестр бастығы – көркемдік жетекші капитан Григорий Велко және әскери дирижер аға лейтенант Алексей Валынкин басқарып келді.

Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрі тарихы бай, көркемдік дәстүрлері қалыптасқан үлкен музыкалық ұжым. Оркестр Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград қоршауында, майдан даласы мен госпитальдарда өнер көрсетіп, жауынгерлердің рухын көтерген жалғыз әскери оркестр. 1942 жылы шығармашылық ұжымның 16 музыканты Д. Шостаковичтің «Жетінші Ленинград симфониясының» алғашқы орындалуына қатысқан.

Бүгінде оркестр құрметті қарауыл оркестрі ретінде айтулы іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Олар мемлекеттердің бірінші тұлғалары мен ресми шетелдік делегациялардың кездесулерін қамтамасыз ете отырып, салтанатты қызмет міндеттерін орындайды.

Оркестрдің Мариин театрында, Д. Шостакович атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік филармониясының концерт залында, Мемлекеттік Эрмитаж бен Мемлекеттік академиялық капеллада өнер көрсетуі дәстүрге айналған.

23-ші әскери оркестрдің репертуары саптық, классикалық және джаз әуендерінен тұрады. Орыс музыканттарының орындау тәсілі өзіне тән шеберлігімен, интонацияның тазалығымен және нәзік нюанстарымен ерекшеленеді. Ұжымның концерттік бағдарламаларында қолданбалы әскери, сондай-ақ көне, классикалық және заманауи музыка, джаз пьесалары шырқалады.

Батыс әскери округінің музыканттары Астанаға әнші Дарья Лаппоның орындауындағы композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнімен келіп отыр.