Мини футболдан Қорғаныс министрлігі чемпионатының қорытындысы шығарылды

Мини футболдан Қорғаныс министрлігі чемпионатының қорытындысы шығарылды

Қарулы күштердің XIII Спартакиадасы аясында Ұлттық қорғаныс университетінің базасында Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының, Бас штабтың және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында мини футболдан чемпионат өтті.

Оған құрамына 400-ден астам әскери қызметші мен азаматтық персонал кіретін 38 команда қатысты. Жарыс екі топта өткізілді. Алғашқы топта Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб департаменттерінің, басқармалары мен орталықтарының өкілдерінен құрылған 25 команда бар. Екінші топты Қарулы күштердің бас басқармалары мен басқармаларынан, әскери бөлімдері мен мекемелерінен құрылған 13 команда құрады.

Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы қатысты.

– Жарыс салауатты бәсекелестік жағдайында өтті. Сіздер жақсы ойын, ойластырылған тактика мен керемет техника көрсете алдыңыздар. Сіздерге талмай жаттығып, әрдайым жеңіске жете берулеріңізге тілектеспін, – деді Аппарат басшысы жарысқа қатысушыларға.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы Қазақстан Футбол федерациясымен меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Бұл өз кезегінде спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз. Меморандум аясында федерация мен министрліктің бірлескен күш-жігерімен Орталық спорт клубының футбол алаңын қайта жаңғырту жүргізілетін болады.

– Жақын арада Қазақстан Республикасы Қарулы күштері құрамалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтеді. Бұл матч «Астана Арена» стадионында өтпек, – деді Ербол Құмарбекұлы.

Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші топта Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының командасы бірінші, Мемлекеттік әскери-тарихи мұражай екінші, Метрология және стандарттау орталығы үшінші орындарды иеленді.

Екінші топта Әскери полиция бас басқармасының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын 32039 әскери бөлімінің еншісінде. Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті үшінші орын алды.

Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері командалық кубоктармен, грамоталармен және медальдармен марапатталды.