Тактикалық ойындарды «Айбын» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ең күрделі, серпінді әрі қызықты байқауы деуге болады.
Командалар дабылмен көтерілген соң қару-жарақ алып, сапқа тұрғызылды. Одан соң бастапқы ауданға жетіп, далалық жағдайда таңғы ас ішті.
Жасырулы жерден міндеттерді іздестіріп, тактикалық тапсырмаларды нақтылаған соң ойынға қатысушылар оқу нүктесіне келді.
Бірінші тапсырма алаңды минадан тазартудан тұрды. Онда мина іздегіштің көмегімен он жарылғыш затты анықтап, мина алаңынан өтуді ұйымдастыру керек.
Келесі сынақтың шарты бойынша авто шиналардан салынған кедергілер жолағын еңсеру кезінде балаларға ерекше ептілік, жылдамдық пен төзімділік қажет болды.
Ойынның шарықтау шегі белгіленген ауданға тікұшақпен түсірілген «диверсиялық-барлау топтарын» іздестіру болды. Шартты қарсылас табылып, байланыс арқылы ақпарат берілген соң конкурсанттар оны жою операциясын жүргізді.
«Күшіміз бірлікте» ойынының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінің командасы тапсырмаларды жақсы әрі жылдам орындады.
Жеңімпаздар 23 маусымда өтетін «Айбын» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылу рәсімінде анықталады.