Қарулы күштердің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Қарулы күштердің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Жекпе-жектен Астанада өткен әлем чемпионатында жалпы командалық есепте Қазақстан – бірінші, Ресей – екінші, Өзбекстан – үшінші орындарды иеленді.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен жарыста Армия спортшылары еліміздің қоржынына бір алтын, үш күміс және үш қола салды.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі ефрейтор Әсет Анарбаев чемпион атанды. Оған жол берген 32039 әскери бөлімінің әскери қызметшісі майор Вадим Федосеев әлем чемпионатында күміс жүлдегер болды.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ОСК спортшысы ефрейтор Аян Тұрсын, 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 32039 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Жандос Мадехиянов күміс жүлдегер атанды. 

32039 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кіші сержант Бауыржан Сұлтанов (62 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) және лейтенант Арман Ерменбет (97 келіден жоғары) әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Еламан Қуатов 97 келіден астам салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынға ие болды.

– Әлемдік біріншілікте қазақстандық спортшылар еліміздің туын жоғары көтере білді. Әскери қызметшілер де сәтті өнер көрсетті. Қазақстан Қарулы күштерінің атынан қатысқан сегіз спортшының ішінен бізде бір жеңімпаз, алты жүлдегер бар, – деді Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы.

Жарысқа барлығы 32 елден 300-ден астам спортшы қатысты.