Қазақстанның оңтүстігінде Вена құжатын сақтау шеңберіндегі инспекция өтті

Қазақстанның оңтүстігінде Вена құжатын сақтау шеңберіндегі инспекция өтті

Қазақстанда Литва Республикасы инспекторының қатысуымен Дания Корольдігінің инспекциялық тобы болды.

Шетелдік сарапшылар Алматы, Қонаев және Гвардейск гарнизондарының әскери бөлімдерінде инспекция өткізді.

Топ мамандарына Әскери-әуе күштері армиялық авиациясының тікұшағымен "белгіленген ауданның" үстімен ұшып өтіп, әуе инспекциясын жүзеге асыруға мүмкіндік берілді.

Әскери бөлімдерде жыл сайынғы әскери ақпарат алмасу шеңберінде бұрын жіберілген мәліметтердің сәйкестігін растайтын бөлім командирлерінің брифингтері өтті.

Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасында шетелдік инспекторларға қару-жарақ пен әскери техника үлгілері, оқу полигондары мен орталықтары, әскери қызметшілердің бітімгерлік операцияларға, республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларға қатысуы туралы айтылды.

– Біздің елдің саясаты әрқашан көпвекторлы және бейбіт сипатта. Әскери доктринамыз да қорғаныс сипатына ие. Бұл Қазақстанның ұлттық мүдделерді қорғау жолында дипломатиялық, саяси, құқықтық, экономикалық және басқа да әскери емес құралдарды басымдықпен пайдалануға бейілділігін көрсетеді, – деп атап өтті шетелдік инспекторлар алдында сөз сөйлеген Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов.

Инспекциялық топ Қазақстанның 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде халықаралық міндеттемелерді толық орындағанын атап өтті. Шетелдік инспекторлар ҚР Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығының ілеспе тобына инспекция жүргізуге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Қарулы күштері әскери қызметшілерінің кәсібилігінің жоғары деңгейін атап өтті.