Аумақтық қорғаныс әскерлері тактикалық және арнайы оқу-жаттығу өткізу үстінде

Аумақтық қорғаныс әскерлері тактикалық және арнайы оқу-жаттығу өткізу үстінде

«Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарынан нұсқаушылардың қатысуымен, сондай-ақ Қызылорда мен Маңғыстау облыстары әкімдері орынбасарларының басшылығымен аумақтық қорғаныс бригадасының басқару органдары және бөлімшелерінің оқу-жаттығуы өткізілуде.

Бұл жаттығуға қатардағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер құрамындағы әскери міндеттілер жұмылдырылған. Кәсіби әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен олар теориялық және практикалық тұрғыда оқытудан өтеді. Әскерде алған мамандығы бойынша машығын нығайтып, қару-жарақ және техникамен жұмыс істеу дағдыларын қайта жетілдіріп, өзектендіреді.

Әскери міндеттілермен атыс сабақтары өткізіліп, жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің жаңа тактикалық әдістері мен тәсілдері зерделенуде.

Оқу-әдістемелік сабақтар кезең-кезеңмен өткізіліп жатыр. Бастапқыда жеке, содан кейін бөлімшелер құрамында дайындық өтеді. Іс-шаралар тактикалық және арнайы жаттығумен аяқталады.

Өткізіліп жатқан оқу-жаттығу туралы Маңғыстау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына әскери жиынға шақырылған запастағы сержант Нұрбол Жұмабай өз пікірін айтты. Ол 2007 жылы теңіз жаяу әскері бригадасында батальонның атысты қолдау ротасы бөлімшесінің командирі болып қызмет етті.

– Шақыру қағазын алып, белгіленген уақытта Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына келдім. Туыстарым да бұған түсіністікпен қарады. Олар менің запастағы сержант екенімді және қажет болған жағдайда әскерге шақырылатынымды біледі. Жеке құрамды қабылдау пунктінде бізге киім-кешек пен әскери құрал-жабдықтар берілді. Енді бұрын алған дағдыларымды пысықтаймын, – деді әскери міндетті.

Мұндай шаралар маусым-шілде айларында Қарағанды, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында өтпек. Әскери жиын кезінде әскери бөлімге дейін және кері қайту жолындағы жүру уақытымен қоса, әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталатынын, республикалық бюджет есебінен орташа жалақы төленетінін айта кету керек.