Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша әскери басқару органдарымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысу тақырыбында командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Ол Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында болды. Оқу-жаттығуға Бас штабтың бейінді департаменттері, Қарулы күштер басқармаларының жедел топтары және ТЖМ өкілдері жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу Түркия Қарулы күштерінің жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету тәжірибесін ескере отырып әзірленді.
Әскери басқару органдары табиғи сипаттағы апат туындаған кездегі есептоптардың іс-қимылы мен алгоритмін нақтылады. ТЖМ аумақтық органдарымен өзара іс-әрекет мәселелері пысықталды. Жеке құрам оқиға орнында қандай іс-қимыл жасау керектігі, оның ішінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, үйінділерді аршу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша оқыту ұйымдастырылды.
Жалпы оқу-жаттығу лауазымды тұлғалардың машығын іс жүзінде жетілдіруге және жойқын жер сілкінісінен туындаған апаттың жою жөніндегі шараларды ұйымдастыру мен жүргізу кезінде әскери басқару органдарының іс-әрекетін үйлестіруді арттыруға бағытталған.