"SOS Астана балалар ауылы" мекемесінде "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубы құрылды

"SOS Астана балалар ауылы" мекемесінде "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубы құрылды

Балаларды қорғау күні қарсаңында жеке білім беру мекемесіне Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері келді.

Салтанатты жағдайда "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубының ашылуы өтті. Балалар ауылының тәрбиеленушілерін Орталық бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтады.

– Сіздерді келе жатқан мереке – Балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Қорғаныс – терең мағыналы сөз. Біз елдің сенімді қалқаны болып табылатын Қарулы күштердің мәдени орталығынанбыз. Бірер жылдан соң Отан қорғаушы боласыңдар. Бұл өте абыройлы және жауапты міндет, – деп атап өтті Арман Әсенов.

Бұл жолдағы алғашқы қадамды білім беру мекемесінің тәрбиеленушілері жасады, яғни олар салтанатты түрде жас патриоттар алдында ант беріп, балалар мен жасөспірімдер қозғалысына қатысушылардың куәліктерін алды.
"Жас сарбаз" республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев оларды айтулы оқиғамен құттықтады.

– Біздің қозғалысымыздың құрамында 250 мыңнан астам адам бар. Сіздер үшін әскери-патриоттық клубтағы сабақтарды қызықты, танымдық және пайдалы етіп өткізуге тырысамыз, – деді қозғалыс жетекшісі.

Аталмыш шара есте қаларлықтай қызықты болды. "Жас сарбаз" шығармашылық студиясы дайындаған аниматорлар, ойындар, тәттілер мен концерт "SOS Астана балалар ауылы" мекемесінің тәрбиеленушілеріне керемет көңіл-күй сыйлады.