
XIII Спартакиада аясында қорғаныс ведомствосының құрылымдық бөлімшелері арасында табельдік қарудан оқ ату чемпионаты өтті.
Жарыста 41 команда атынан 246 әскери қызметші мергендіктерін сынап көрді. Спортшылар Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан дәлдеп атудан шеберліктерін көрсетті.
Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубы екі құрылым бойынша жарыстар ұйымдастырды.
Біріншісіне Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері кірді. Екіншісі – Қарулы күштердің бас басқармаларының, басқармаларының, әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметшілері арасында өтті.
Чемпионат қорытындысы бойынша Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан атудан жалпы командалық есепте бірінші орынды Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің құрама командасы, екінші орынды – Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаменті, үшінші орынды – Әскери өкілдіктер орталығы иеленді.
Екінші құрамда бірінші орынды Қарулы күштер Тыл бастығы басқармасының командасы олжалады. Екінші орынға – Ұлттық қорғаныс университетінің спортшылары тұрақтады, үшінші орын 32039 әскери бөліміне бұйырды.