Қорғаныс министрі әскер спортшыларын құттықтады

Қорғаныс министрі әскер спортшыларын құттықтады

Өзбекстанның астанасы Ташкентте бокстан өткен XXII әлем чемпионатында Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілдері Махмұд Сабырхан мен Асланбек Шымбергенов финалдық жекпе-жекте жеңіске жетті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оларды чемпиондық атағымен және алтын медальдарымен құттықтады. 

– Орталық спорт клубының тарихында талай тамаша жеңістер мен көптеген рекордтар бар. Әскер спортшылары алдарына қойған мақсаттарына қол жеткізіп, Қазақстанның және біздің Қарулы күштердің де намысын лайықты қорғап жүр. Әлемдік біріншілікте сынға түсіп, шынайы батылдық, табандылық пен мықты ерік-жігерді көрсеттіңдер. Сендермен мақтанамыз! Бүгінгінің нағыз батырларысыңдар, – деп атап өтті министр.

Шешуші жекпе-жекте 54 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан өзбек спортшысы Ойбек Жураевты жеңді. Финалға шығу үшін ол Куба, Гана, Үндістан және Венгрия боксшыларынан мықтылығын дәлелдеді.

Ойбек Жураевпен жекпе-жек өзара соққылармен басталып, үш раундқа созылды. Бірінші кезеңде-ақ қазақстандық боксшының басымдығы байқалды. Екіншісі раундтағы жұдырықтасуда да ол  басым түсті. Үшіншісінде, Махмұд қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс 21 жастағы Махмұд Сабырханға берілді. 

Әскер спортшыларының қоржынына тағы бір алтынды 71 келі салмақтағы ел құрамасының капитаны армия спортшысы Асланбек Шымбергенов салды. Ол ринг иесі Саиджамшид Жафаровпен жұдырықтасты. Өзбек спортшысымен жекпе-жекте төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергеновке берді.

Осы чемпионаттағы соңғы жекпе-жекке дейін ол Тринидад, Израиль, Франция және Үндістан боксшыларын да ұтты.

Жарысқа әлемнің 104 елінен 13 салмақ дәрежесінде барлығы 640 былғары қолғап шебері қатысты.