Әскер спортшылары бокстан әлем чемпионатының финалына жолдама алды

Әскер спортшылары бокстан әлем чемпионатының финалына жолдама алды

ҚР Қорғаныс министрлігі – Орталық спорт клубы Спорт комитетінің өкілдері Өзбекстанның астанасы Ташкентте өтіп жатқан бокстан XXII әлем чемпионатының ақтық сынына шықты.

54 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда Махмұд Сабырхан Кубадан келген 2017 жылғы Әлем чемпионы Йосвани Вейтиямен кездесті. Барлық үш раундта Сабырхан төрешілердің бірауыздан шешімімен жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.

Ақтық сында 22 жастағы қазақстандық боксшы - жастар арасындағы Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Өзбекстан командасының өкілі Ойбек Жураевпен кездеспек, ол жартылай финалдық жекпе-жекте ресейлік спортшы Дмитрий Двалиден басым түсті.

Тағы бір армия спортшысы Асланбек Шымбергенов те өз кездесуін жеңіспен аяқтады. 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері 71 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалдық жекпе-жегінде Үндістан құрамасының өкілі Нишант Девті ұпай санымен ұтты.

Шешуші кездесуде армия спортшысы бокстан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі, екі дүркін Азия чемпионы Саиджамшид Жафаровпен жұдырықтасатын болады.

Қазақстандық боксшылардың ақтық жекпе-жегі 13 және 14 мамырда өтеді. Қарулы күштердің әскери қызметшілері былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тілеп, олардың жеңіске жететініне сенеді.